ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛДА МОТОПОМПАЛАРДЫҢ САНЫ 3 ЕСЕ КӨБЕЙДІ

281
Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында толассыз жауып жатқан жаңбырдың салдарымен күресу мақсатында Мақтаарал ауданы әкімдігі есебінен МП-100 қуаттылығы бар 5 мотопомпа сатып алынды. Қосымша облыстық төтенше жағдайлар департаментінен 12 мотопомпа көмекке келді.
2 аптадан бері тынымсыз жауған жауын-шашыннан жер асты суы көтеріліп, Мақтаарал ауданында бірнеше елдімекендерде көшелер мен үйлердің аулаларын су басу жағдайлары орын алуда. Аудан әкімінің төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі штаб құрылып, бастапқыда суды тазарту үшін 70-тен аса мотопомпа жұмысқа кіріскен еді. Қазіргі таңда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің және жергілікті әкімдіктердің, жергілікті мемлекеттік органдардың, аудандық мәслихат депутаттардың және кәсіпкерлердің ұйымдастыруымен жалпы мотопомпалардың саны 214-ке жетті.
Аталған мотопомпалардың 37-і – МП-50, 113-і – МП-80, 57-і – МП-10, 6-ауы – МП-150 және 1-еуі – МП-300.
– Тұрғын үйлердің аулаларын су басу жағдайы өте көп тіркелуде. Штабтың барлық тұрғын үйге бірдей көмек көрсетуі физикалық тұрғыдан мүмкін емес. Ең бірінші кезекте аз қамтылған, көп балалы, мүмкіндігі шектеулі, жалғызбасты аналары бар отбасыларға көмек көрсетудеміз. Осыған байланысты барлық аудан тұрғындарын, кәсіпкерлерді, ерікті азаматтарды ортақ іске шақырамын, – деді аудан әкімі Бақыт Асанов.
Қазіргі таңда 3 мыңға жуық үйдің ауласын су басу жағдайы тіркелген. 214 мотопомпаның барлығы толықтай тұрғын үйлер аулаларын судан тазарту үшін жұмылдырылған. Жергілікті әкімдіктердің және облыстық, аудандық төтенше жағдай қызметтерінің тынымсыз жұмыстарының нәтижесінде 15501 куб жаңбыр суы тартылған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Advertisements