Елімізде жыл соңына дейін балабақшалармен қамту 99,3%-ға дейін жеткізіледі
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Балалар жылын өткізу мәселелері қаралды. ҚР денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, ҚР мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек және Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов баяндама жасады.
Білім және ғылым вице-министрі Ш. Каринованың мәлімдеуінше, Президенттің 2022 жылды Балалар жылы деп жариялауы туралы Жарлығының негізінде Үкімет қаулысымен іс-шаралар жоспары қабылданды. Жоспар жеті бағыт бойынша 66 іс-шараны қамтиды. Сондай-ақ өңірлік, аудандық және қалалық жоспарлар қабылданды.
Жұмысты ұйымдастыру үшін әкімдіктермен және басқа министрліктермен бірге жедел штабтар құрылды, нұсқаулық-әдістеме әзірленіп, жеткізілді.
«Спикерлер пулы 5 айда БАҚ-та, әлеуметтік желілерде 18 мыңнан астам жарияланым орналастырды. 17 300 өңірлік іс-шараларға 2,5 млн аса бала қатысты, оның ішінде 700 мыңнан астамы – жекелеген санаттағылар. Жалпы балалар жылын іске асыруға 12 орталық, 17 жергілікті орган, 130 үкіметтік емес, 20 мыңнан аса оқу ұйымы қатысып жатыр», — деді Ш. Каринова.
Өз кезегінде мектеп жасына дейінгі балалар үшін 34 мыңнан аса орындық 322 балабақша ашылады, 5 айда 9,4 мың орындық 130 балабақша ашылды. Жыл соңына дейін 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту 99,3%-ға жеткізілетін болады.
«Жекеменшік балабақшалаларда орын алған келеңсіздіктерге жол бермеу үшін қауіпсіздік шараларын күшейтеміз, біліктілігі сәйкес мамандармен қамтамасыз ету талаптарының орындалуын қадағалап, мемлекеттік тапсырыстың сапасын ваучерлік механизм арқылы жақсартамыз. 15 мыңнан аса тәрбиеші жаңа модель бойынша тиісті курстардан өтіп жатыр, олар тәрбиелеу сапасын жақсартады», — деді вице-министр.
Онымен қоса, ашықтықты қамтамасыз ету үшін кезектің бірыңғай базасын құру жұмысы жүргізіліп жатыр. Жаңа оқу жылында үздік балабақшалар негізінде 34 құзыреттілік орталығы ашылады.
Биыл алғаш рет 25 мыңнан аса баланы оқу орнына қауіпсіз тасымалдау үшін арнайы мектеп автобустарының автопаркі ауқымды түрде жаңартылады. Әкімдіктер 515 мектеп автобустарын лизингпен сатып алуда. Алғашқы автобустарды осы айдың ішінде Ақмола облысына жеткізу жоспарланған.
Оған қоса, Балалар жылы бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамту 10%-ға өсті, бұл орайда Шымкент қаласы, Қарағанды облысының жұмысын атауға болады.
«Балалар жылында алғаш рет жас спортшыларымыздың халықаралық спорт жарыстарына қатысуына республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, қазақстандық команда Франциядағы Дүниежүзілік гимназиадада 86 медаль жеңіп алып, 70 елдің ішінде Бразилия, Франциядан кейін 3-орынды иеленді», — деді Ш. Каринова.
2,4 млн оқушы қосымша білім алып жатыр, биыл 270 мыңнан аса бала қосымша үйірме және секциялармен қамтылады. Жыл соңына дейін қамту көрсеткіші 5%-ға ұлғаяды.
Одан бөлек, биыл қазақстандық олимпиадашыларға халықаралық 7 беделді олимпиадаға қатысуға 31 толық квота бөлінді, оларға шілде-тамыз айларында балалар қатысады. Алғаш рет республикалық қаражат есебінен осы халықаралық интеллектуалдық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, оларды дайындаған педагогтарға сыйақы беріледі.
Сондай-ақ алғаш рет халықаралық интеллектуалдық, шығармашылық, спорттық олимпиадалардың 100-ден аса жеңімпазы мен жүлдегеріне «конкурстан тыс» отандық жоғары оқу орындарына бірден қабылдануға ерекше гранттар бөлінді.
Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан үлгерімі төмен 1 000 бала алғаш рет дарынды балаларға арналған 134 мектепте талантты балалармен қатар оқу мүмкіндігіне ие болады.
Бірқатар жүйелі жоба арқылы тәрбие компоненті белсендірілді.
Бүгінгі таңда 6,5 мың мектеп парламентінде оқушылар өзін-өзі басқаруды дамытып, мектепті басқаруға ат салысып жатыр.
«Коммуникация және командалық жұмыс дағдыларын қалыптастыру мақсатында мектептерде 120 мыңнан аса оқушыны қамтитын 5 905 дебат клубы ашылды, соңғы 5 айда оған 16 мыңнан аса бала қосылды», — деді вице-министр.
«Оқуға құштар мектеп» республикалық жобасы аясында балалар арасында оқырмандар қозғалысы жандандырылды.
Мектеп кітапханаларының кітап қоры 2,2 млн дана жаңа көркем, балалар әдебиетімен жаңартылды.
Балалардың құқықтарын қорғау саласындағы волонтерлік қозғалысқа серпін берілді. Үйде оқитын балаларға көмек көрсетуге 63 мыңнан астам волонтер қатысты.
Сол арада 5-11 сыныптарға жаңа оқу жылынан азаматтық, адалдық, парасаттылық, этика, медиасауаттылық, қаржылық сауаттылықты қамтитын «Патриотизм және жаһандық құзыреттер» курсы енгізіледі.
Мектеп пен ата-ана қарым-қатынасының форматы өзгертілді: әдеттегі ата-аналар жиналыстарының орнына педагогикалық-ата-ана консилиумдары баланың оқу жетістіктерін, тәртібін, қызығушылықтарын жеке кездесулерде жүйелі қарайтын болды.
Мектептегі психологиялық қызметтердің жұмысын жақсарту үшін биылдан бастап бірыңғай ережелер енгізіледі.
Бірқатар жобаны «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп іске асыру жоспарланып отыр.
«Мүмкіндігі шектеулі есту, көру, сөйлеу қабілеті бұзылған, психикалық даму күйзелісі бар балалар үшін 98 арнайы мектеп-интернатқа арнайы жабдықтар алу, білім сапасындағы алшақтықты азайту мақсатында үлгерімі төмен 500 мың оқушыны қолдауға бағытталған «Цифрлық мұғалім» жобасы, мәдени, эмоционалдық тәрбие мақсатында «Балалар және театр» жобасы аясында 500 мың балаға тегін абонементтер беру көзделген.
Биыл колледжге түсетін балаларға техникалық және кәсіптік білім беруге 45 мың орынға республикалық бюджеттен 10 млрд бөлінді. Сөйтіп мемлекеттік тапсырыс 40%-ға ұлғайтылды.
Оқуға түсушілер үшін емтихандар алынып тасталды, енді олар аттестаттың орташа баллы арқылы қабылданады, талапкер 4 колледж бен 4 мамандықты өзі таңдайды, 3-ке дейін бірнеше біліктілік алуға мүмкіндік берілді, кәсіпорындарға мақсатты мемлекеттік тапсырыс берілді, енді кәсіпорындар студенттерді өздері таңдап, оқу бағдарламаларын оқу орнымен бірге жазып, қажетті мамандарды уақытылы дайындай алады. Жеңілдікпен қабылдау квотасының тізбесі 9 санатқа дейін кеңейтілді.
Жоғары оқу орнына баратын балаларға арналған гранттардың саны 88 214-ке артты, бұл – 2021 жылмен салыстырғанда 15 мыңға артық. Техникалық мамандықтарға гранттар 60%-ға, ауылдық квота 35%-ға ұлғайтылды. Әлеуметтік аз қамтылған санаттарға 7 мыңнан аса грант бөлінді.
Вице-министрдің айтуынша, «Балаға лайық» республикалық акциясы арқылы мектеп асханалары мен санитарлық тораптардың жағдайы ерекше бақылауға алынды. Барлық білім мекемелерінде оқушыларға және олардың ата-аналарына тегін консультациялық көмек көрсету бойынша «Bala Qorgau» жобасының QR-коды орналастырылды, 24/7 режимінде жұмыс істейтін «balaqorgau» веб-сайты іске қосылды. Сұрақтарға жауап беріліп жатыр.
Балалардың жазғы демалысы мен бос уақытын ұйымдастырудың ерекше назарда екенін атап өту керек.
Оның тиімділігін арттыру, кадрлық әлеуетін дамыту бойынша жұмыс жүргізілді. Мамыр айында балалар лагерлерінің студенттік педотрядтарының қатысуымен «Балалық шақ навигаторлары» республикалық слеті өткізілді. Жергілікті әкімдіктер демалыс лагерлерін, мектеп жанындағы алаңдардың, жазғы мектептердің жағдайын қарастырып, жөндеу жұмыстарын жүргізді.
«Осыған дейін екі жыл карантин шектеулерімен демалыс ұйымдастыру толық іске асырылмаған болатын, ал биыл жазғы уақытта 3,3 млн оқушыны қамтуды жоспарлап отырмыз. Көрсеткіш 31%-ға артады. Дегенмен де қала сыртындағы лагерьлерінің санын арттыру керек», — деді вице-министр.
Бүгін балаларды қорғау күні Мемлекет басшысының қатысуымен Алматы қаласында 6 мыңнан аса баланы қамтитын «Балафест» мерекелік іс-шарасы өткізіліп жатыр, сонымен қатар әр өңірден балалардың Нұр-Сұлтан қаласына саяхаты ұйымдастырылды. Өңірлерде Балалар күні мерекесі ауқымды форматтарда өткізілуде.
«Балалардың демалыс кезіндегі бос уақытын ескеріп, өңірлерде балалардың қауіпсіздігіне аса назар аудару қажет деп есептейміз», — деді білім және ғылым вице-министрі.
Денсаулық сақтау министрі А. Ғиният Балалар жылы аясында іс-шаралар жоспарының іске асырылу барысы туралы баяндама жасады. Педиатриялық қызмет жұмысының негізгі көрсеткіштері – сырқаттанушылық, алғашқы мүгедектік, нәрестелер мен балалар өлімінің алдын алу.
Министрдің айтуынша, балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын сақтаудағы ең маңыздысы – жүктілік кезеңінен бастап, яғни ана құрсағында, әрі қарай балалардың өсіп-даму кезеңдерінде медициналық көмек көрсетудің бірыңғай жүйелі стратегиясын айқындау.
Сондықтан, бірінші, бүгінгі таңда жүкті әйелдерді ұрық ағзалары мен жүйелерінің ақауларын анықтауға арналған пренаталдық скринингпен қамту толықтай жүргізіледі, ол 85,4%-ды құрайды. Солтүстік Қазақстан (77%), Қарағанды (67%), Павлодар (64%), Қостанай (52%) облыстарында қамту орташа деңгейден төмен.
Ал хромосомалық ауруларды анықтауға биохимиялық скринингпен қамту 78%-ды құрайды. Ең төменгі қамту Солтүстік Қазақстан (64%), Маңғыстау (63%), Қарағанды (57%), Павлодар (50%), Қостанай (38%) облыстарында байқалады.
Жаңа туған нәрестелердегі денсаулық кемістігі құрылымында ағзалар мен жүйелердің ақаулары 96,3%, хромосомалық әртүрлі бұзылулар 3,7%-ды құрайды. Туа біткен ақаулардан болатын өлім-жітім нәрестелер өлімінің себептері құрылымында екінші орын алады және төмендеу үрдісі жоқ.
«Бұл ультрадыбыстық зерттеу мамандарының жетіспеушілігі мен біліктілігінің жеткіліксіздігіне байланысты, оның ішінде Батыс Қазақстан облысында 15, Алматы облысында 13, Ақмола облысында 11 маман жетіспейді. Республика бойынша пренаталдық скринингке арналған ультрадыбыстық зерттеу аппараттарымен жарақтандырылуы 67%-ды құрайды, ең төмен жарақтандырылуы Түркістан (қажеттілік 28), Алматы (26), Батыс Қазақстан (14), Қарағанды (10) облыстарында байқалады», — деді А. Ғиният.
Жағдайды жақсарту үшін Министрлік:
– Пренаталдық скринингті жүргізудің жаңа қағидаларын бекітті;
– Пренаталдық ультрадыбыстық зерттеу скринингін өткізу стандартын әзірледі;
– ультрадыбыстық зерттеу диагностикасының халықаралық стандарты бойынша 150 маманды оқытты;
– биыл жоғары эксперт-класының 50-ден астам ультрадыбыстық зерттеу аппараты сатып алынады.
Бұл шаралар:
1) пренаталдық скринингті жүргізудің бірыңғай тәртібі мен алгоритмін қалыптастыруға;
2) заманауи ультрадыбыстық зерттеу аппараттармен жарақтандырылуды арттыруға;
3) ұрықтың даму ақауларын 80%-ға дейін анықтауды жақсартуға мүмкіндік береді.
ДДҰ-ның жаһандық бастамасына сәйкес, ерте балалық шақ – бұл баланың оңтайлы дамуын қамтамасыз ететін күтім мен тамақтануды қажет ететін кезең. Ерте шақтағы балаларды дамытуға салынған инвестициялар – бұл Мемлекет жүзеге асыра алатын инвестициялаудың ең тиімді түрінің бірі.
Осылайша, балалардың ауруларын ерте қамту және диагностикалау мақсатында елімізде жаңа туған нәрестелер мен ерте шақтағы балаларды скринингтік зерттеу бағдарламасы енгізілді, ол жаңа туған кезеңнен бастап мектеп жасына жеткенге дейін әрбір баланы кешенді бақылаумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді:
1) неонаталдық скринингпен 445 212 бала (99,6%) қамтылды. Фенилкетонуриясы бар 231 бала, туа біткен гипотиреозы бар 3 549 бала анықталды.
2) аудиологиялық скринингпен 1,6 млн бала (75,6%) қамтылды. 1-2 дәрежелі құлақ мүкістігімен 625 бала, 3-4 дәрежелі құлақ мүкістігімен 646 бала анықталды. Оның ішінде 235 балаға кохлеарлық имплантация жасалды.
3) психофизикалық скринингпен 1,7 млн астам бала (85,2%) қамтылды.
Психофизикалық дамуында ауытқулары бар 13 863 және есту қабілеті бұзылған 1 232 бала одан әрі түзету үшін психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияға (ПМПК) жіберілді.
4) офтальмологиялық скринингпен дене салмағы 500 гр бастап өте төмен туған 6 532 (88,2%) бала қамтылған. 273 шала туған балаға операциялық емдеу жүргізілді (29,4%).
Скрингтік зерттеулерді орындауда Алматы қаласы ең проблемалық өңір саналады (скринингтермен қамту 9,8%-ды құрады), скринингтермен қамтудың төмендігі Қостанай (65,8%), Ақмола (75,0%) облыстарында байқалады.
Биылдың басынан бастап Министрлік қамтуды арттыруға және сапаны жақсартуға бағытталған бірнеше бастаманы іске қосты:
- Педиатриялық көмекті ұйымдастыру стандарты әзірленді;
- 49 тұқым қуалайтын алмасу ауруларына жаңа туған нәрестелерге селективті скрининг бойынша пилоттық жоба іске қосылды;
- есту жүйесінің зақымдануының нақты орнын анықтау үшін аудиологиялық скрининг жаңа КСВП әдісімен толықтырылды;
- бюджет арқылы құрал-жабдықтарды, сонымен қатар «Қазақ халқына» ҚҚ, «Аяла» қайырымдылық қоры арқылы сатып алу мәселелерін пысықталып жатыр;
- биыл дәрілік заттар мен Қазақстандық ұлттық формулярдың тізбесіне балалардың орфандық және ауыр ауруларын емдеуге арналған қосымша 17 дәрілік зат енгізілді, 16,4 млрд теңге бөлінді.
- неонаталдық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартының жобасы әзірленді, онда катамнез кабинеттерінде шала туған нәрестелерді бақылауды ұйымдастыра отырып, медициналық көмектің барлық деңгейлерінде жаңа туған нәрестелерге көмек көрсетуді ұйымдастыру қағидаттары бекітіледі.
Балалардың денсаулығын нығайту мақсатында жыл сайын алғашқы санитариялық-медициналық көмек деңгейінде 0-ден 18 жасқа дейінгі балаларды профилактикалық қарап-тексеру жүзеге асырылады.
Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, биыл 0-ден 18 жасқа дейінгі балаларды профилактикалық қарап-тексеру пакеттерін аспаптық және зертханалық зерттеулердің қосымша әдістерін, 1 жас, 3 және 6 жас аралығындағы балаларға назар аудара отырып, арнайы бейінді мамандардың қарап-тексерулерін қосу жоспарланды.
6 жастан 17 жасқа дейінгі балалардың денсаулық әлеуетін қалыптастыруға мектеп ортасы үлкен әсер етеді.
«Осыған байланысты біз мектептің медицина қызметкерлерінің функционалы, олардың 1 мөлшерлемесіне оқушылар санының нормативі, мектептердің медициналық пункттерін материалдық-техникалық жарақтандыру нормативі, профилактикалық жұмыстардың тәртібі және т. б. регламенттелетін оқушыларға медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын әзірледік», — деді А. Ғиният.
Сонымен қатар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» жобасы қайта жаңғыртылды. Пандемияға байланысты 2 жыл бойы бұл жоба толық жұмыс істемеді, бүгінде жобамен 1 181 (17%) мектеп қамтылды. Жұмыс нәтижесінде саламатты өмір салтын қолдауға ықпал ететін мектеп ортасына жағдай жасау күтілуде. Артық салмағы бар оқушылардың саны 2025 жылға қарай 100 мың балаға шаққанда 5%-ға, яғни 90,0-ға дейін төмендейді деп күтіледі (2021 ж. – 94,3).
Елімізде неонаталдық хирургия белсенді түрде дамып келеді, орташа есеппен жыл сайын 1 500 нәрестеге хирургиялық коррекция, оның ішінде инновациялық әдістермен жүргізіледі. Эндоскопиялық технологияларды қолданумен жасалатын операциялардың саны 19,0%-дан бастап 22,0%-ға дейін ұлғайды, тиімділік 88,6%-ды құрады.
Балаларға жүргізілетін кардиохирургиялық араласулардың саны 2562-ге дейін ұлғайды (2008 ж. – 510). Интервенциялық кардиологияның заманауи әдістері енгізілді.
Туа біткен жүрек ақауын (ТЖА) жедел емдеу тиімділігі 97,1%-ды құрайды.
Балаларға онкогематологиялық көмекті дамытуға көп көңіл бөлінеді. Қазақстан Республикасындағы 2022-2024 жылдарға арналған балаларға онкогематологиялық көмекті жетілдіру жөніндегі жол картасы бекітілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында министрлік оңалту көмегін дамытуға ерекше көңіл бөледі.
«Балаларға оңалту көмегінің қолжетімділігі артты, соңғы 3 жылда оңалту төсек-орындары мен орталықтарының саны 2 есеге ұлғайды. 2021 жылы 53 мыңнан астам бала оңалтудан өтті, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 3,3 есеге артық», — деді Ажар Ғиният.
Елімізде алғаш рет «Ерте араласу» институтын енгізу жөніндегі іс-шаралар басталды. Жыл соңына дейін 17 ерте араласу орталығы ашылады, онда жыл сайын 0 жастан бастап 3 жасқа дейінгі аралықтағы 10 мыңға дейін бала ем ала алады.
«Қадамдық қолжетімділік» қағидатын іске асыру шеңберінде өткен жылдан бастап балаларды амбулаториялық деңгейде оңалту енгізілді, нәтижесінде биылдың өзінде 1-тоқсанда 4,2 мыңнан астам бала тұрғылықты жері бойынша емханалар деңгейінде медициналық оңалтудан өтіп жатыр.
Президентіміз бедеулік салдарынан отбасылық жұптардың 20%-ы ажырасып жатқанына, отбасылық-демографиялық жағдайға алаңдаушылық білдіре отырып, «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырды. Былтыр осы бағдарлама арқылы 7000 әйел қосалқы репродуктивтік технологияларға қол жеткізді, нәтижесінде 3000 астам әйел жүктілік бойынша есепке алынды, 1307 отбасында көптен күткен 1560 бала дүниеге келді. Бұл бағдарлама «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы шеңберінде 2025 жылға дейін жалғасады.
Балалар жылы шеңберінде Денсаулық сақтау министрлігі балалар денсаулығын сақтаудың бірнеше бағыты бойынша қаржыландыруды ұлғайтты, атап айтқанда, 54%-ға балаларды профилактикалық тексеруге бағытталған қаржыландыру көлемі 10,9 млрд теңгеден 16,8 млрд теңгеге дейін артты.
Мектеп медицинасына бағытталған қаржыландырудың жалпы көлемі 24%-ға, 22,2 млрд теңгеден 27,5 млрд теңгеге дейін жоғарылады. Бір оқушыға арналған жан басына шаққандағы норматив 549,44 теңгеден 654,79 теңгеге дейін өсті.
Балаларға стоматологиялық көмек көрсету үшін 28,1 млрд теңге бөлінді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 24,5%-ға жоғары.
Алғаш рет қосымша аудиологиялық скринингке 5 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.
2019 жылдан бері министрлік аз қамтылған отбасылардың балаларына ортодонтиялық көмек көрсету бағдарламасын іске асыруда, 2022 жылы осы мақсаттарға бөлінген сома 5,6 есеге ұлғайып, 5 млрд теңгені құрады.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгеннен бері медициналық оңалтуды қаржыландыру жалпы 7 есеге ұлғайды, оның ішінде балаларға 2021 жылы 11,4 млрд теңгеден астам қаражат, 2022 жылы 15,2 млрд теңге бөлінді.
Қабылданып жатқан шаралар:
– жүкті әйелдерді босануға дейінгі сапалы бақылаумен қамтуды 85%-ға дейін ұлғайтуға;
– өмірінің бірінші жылындағы балаларды проактивті бақылаумен қамтуды арттыруға;
– ауыр асқынулардың дамуын және қолайсыз нәтижелерді 10%-ға дейін алдын алуға;
– медициналық оңалтудың қолжетімділігін, оның ішінде алғаш рет ерте шақтағы балалар үшін 50%-ға дейін арттыруға;
– «Аңсаған сәби» бағдарламасының арқасында жылына көптен күткен 2,5 мыңға жуық баланың дүниеге келуіне ықпал етеді.
ҚР Үкіметінің отырысы барысында Дәурен Абаев баяндама жасады. Мәдениет және спорт министрі ведомство жүзеге асырып жатқан жоспарлар мен іс-шаралар туралы баяндады. Министрлік «Балалар жылын» өткізу аясында барлық тапсырмалар мен міндеттерді орындау бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.
Мәдениет және спорт министрлігі «Балалар жылын» өткізу аясында берілген барлық тапсырма мен міндеттер бойынша белсенді жұмыс атқарып жатыр.
«Барлық жұмыс балалардың сапалы және қолжетімді білім алуын, шығармашылық тұрғыдан толыққанды дамуын қамтамасыз етуге, олардың спорттық және шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған. Жалпы, мәдениет саласында 1 млн-нан астам баланы қамтитын бірнеше ірі жоба қолға алынды», — деп атап өтті ҚР мәдениет және спорт министрі.
Ведомство басшысы мысал ретінде мына шараларды атап өтті:
- Республикалық «Ұлағатты ұрпақ» мәдени-білім беру онлайн жобасы. Жоба сайттар мен әлеуметтік желілерде жүргізіледі. Қазіргі таңда қаралым саны 986 мыңға жетіп отыр, жыл соңына дейін 2 млн қаралымға барады деп күтілуде.
«Бұл өте қызықты ауқымды жоба, оқушылар үйден шықпай-ақ виртуалды сапар жасап, қазақ тіліндегі кинофильмдер мен мультфильмдерді көре алады. Дәрістерге жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы 5 бағыт бойынша 20 сайтқа қатысып, музыкалық өнер және басқа да бағыттар бойынша бейнесабақтар дайындалып жатыр», — деп атап өтті Д.Абаев.
- 1510 мектепке енгізілген «Оқушының мәдени нормативі» жобасы. Бұл еліміздегі жалпы мектептердің 20%-ын құрайды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 30%-ға жеткізу жоспарланған.
- Балалар әдебиетіне арналған «Дана бала» (www.danabala.kz) веб-сайтының жұмысы. Қазір онда 100-ден аса қазақстандық автордың кітаптары топтастырылған. Жыл соңына дейін сайтқа 5000 кітап орналастырылады.
- Балалар шығармашылығына арналған «Таланттар арамызда» республикалық фестиваль-көрме өткізілді.
«Бір мысал келтірейін, биыл біз 16 номинация бойынша жеңімпаздарды марапаттадық: «Үздік археолог», «Үздік ақын», «Үздік өнертапқыш», «Үздік актер», «Бибігүл Төлегенова атындағы үздік әнші» және т.б. жеңімпаздарға дипломдар табысталды. Салтанатты шара 18 мамырда «Халықаралық музейлер күні» өтті. Марапаттарды белгілі қазақстандық қайраткерлер табыстады», — деп хабарлады Дәурен Абаев.
- «Әжемнің ертегілері» онлайн-жобасы 31 мың баланы қамтыды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 40 мыңға жетеді деп жоспарланып отыр.
- Балалар шығармашылығына арналған «Мейірім» инклюзивті музей фестивалі өткізілді. Фестиваль аясында саз терапиясы, интуитивті кескіндеме, «Бірге сурет саламыз», «Балшық пейзажы» іс-шаралары өткізілді. Ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс жүргізілді.
Балаларды қорғау күніне орай «Жазғы кино» ауқымды әлеуметтік жобасы басталды. Жаз бойы көп балалы, көмекке мұқтаж, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары мен жасөспірімдерге тегін кино көрсетілімдер ұйымдастырылады.
Аталған жоба Р. Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы «Қазақфильм» АҚ, «Ұлттық киноны қолдау орталығы» АҚ бірге жүзеге асырылады.
Мерекеге орай балаларға арналған бірқатар шығармашылық іс-шара өткізілуде. Атап айтар болсақ: Ұлттық музейдегі үйірмелер көрмесі, Академиялық корей музыкалық комедия театры мен Ғ. Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрындағы ертегілер қойылымы.
Сонымен қатар Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрындағы «Балалар әлеміне саяхат» қайырымдылық концерті және «SatsComUnity» балалар театр студиясының би флешмобы ұйымдастырылды.
ҚР мәдениет және спорт министрлігі жаңа жобаларды да жүзеге асыруды жоспарлап отыр, атап айтқанда: С. Прокофьевтің «Золушка» балалар балетінің тұсаукесері; ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған «Newart» балалар шығармашылығы фестивалі.
Жаңа жобалардың бірі – «Жас қаламгер» оқыту мектебі. Аталған мектептерде оқыту ағылшын тілінде жүргізіледі. Онда проза мен драматургия оқытылады. Дәурен Абаев дәрістерді белгілі мәдениет және әдебиет қайраткерлері жүргізетінін атап өтті.
Сонымен қатар балалардың оқу белсенділігін арттыру мақсатында «Astana Piano Passion» республикалық жас пионистер конкурсы, «Балаларға арналған үздік шығарма» және «Жылдың үздік кітабы» жобалары жүзеге асырылады.
Мәдениет және спорт министрі халық арасында, әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасындағы бұқаралық спортты дамытуға баса назар аударылатынын атап өтті. Соның ішінде, жалпы білім беретін мектептердің оқушылары ерекше қамтылып отыр.
Дәурен Абаевтың айтуынша, мектеп жасындағы жалпы оқушылардың 2 млн-ы дене шынықтырумен, спортпен қамтылған. Республикамызда балалар мен жасөспірімдердің 652 клубы және 138 дене шынықтыру клубы бар, ондағы балалар мен жасөспірімдердің саны – 200 мыңнан асады.
«Бұл бағытта да бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр. Еліміздің 7 қаласында «Қолжетімді спорт» бағдарламасы жұмыс істеп тұр. Аталған бағдарлама 20 000-нан аса адамды қамтиды», — деді Дәурен Абаев.
ҚР мәдениет және спорт министрлігі ҚР БҒМ-мен бірлесіп ұйымдастырған іс-шаралар қатарында 10 спорт түрі бойынша ұлттық мектеп лигасы да бар. Аталған бағдарлама мектеп жасындағы 2,7 млн-нан астам баланы қамтыды.
Дәурен Абаев жергілікті атқарушы органдарымен бірігіп спорттық инфрақұрылымды дамытудың жоспар-кестесі әзірленгенін айтты. Ол 113 жаңа нысан салу, 21 нысанды жетілдіру және 6 ірі нысанды қосымша жабдықтаудан тұрады.
Балаларды қорғау күніне орай Мәдениет және спорт министрлігі бірқатар шара ұйымдастырды, атап айтқанда:
- Ж. Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында мини-футболдан ұлттық құрама мүшелері мен балалардан құралған команданың қатысуымен футзал турнирі өтуде.
- Отандық спортшылар Василий Левит, Мерей Ақшалов, Сергей Цирюльников Нұр-Сұлтан қаласындағы мамандандырылған балалар үйіне барып естелік сыйлықтар табыстайды.
Оқушылардың кәсіби бағдарын дамытуға арналған «Жанды сабақтар» жобасы жүзеге асырылуда. Онда балалардың таланты мен қабілетін анықтауға басымдық беріледі. Жоба 4 аймақтан 1080 баланы қамтып отыр.
Сонымен қатар министр азаматтарымыздың демалысқа жұмсайтын шығынын азайту және ішкі туризмді насихаттау мақсатында Kids Go Free – балалар әуе билетін субсидиялау бойынша мемлекеттік қолдау шарасы күшіне енетінін айтты.
Балалар мен жасөспірімдер арасында ішкі туризмді дамыту мен насихаттау бойынша жұмыстар жергілікті атқару органдарымен бірлесе жүргізілуде. Мысалы, Алматы облысында 300 баланы қамтитын, тау және жаяу жүру туризміне арналған «Жоңғария» республикалық туриадасын өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ биыл шілде айында Ақмола облысында Ресей Федерациясының этникалық қазақтарынан тұратын 250-ден аса мектеп оқушысына арналған «Айналайын, Атамекен!» турын өткізу жоспарланып отыр.
«Жаз айларында балалар археологиясы бойынша жобалар, «Ауылдағы апта», «Summer school» әлеуметтік бастамалары жүзеге асырылып, 2000-ға жуық баланы қамту көзделіп отыр», — деп түйіндеді мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек жазғы уақытта сауықтырумен және жұмыспен 184 мың баланы немесе 1-10 сынып оқушыларының жалпы санының 92,4% қамту жоспарланып отырғанын хабарлады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 108 мың балаға көп.
Бұл мақсаттарға бюджеттен 350,2 млн теңге қарастырылған, оның 50 млн теңгесі әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 10 мыңнан астам балаға 10 мыңнан аса жолдама сатып алуға бағытталатын болады.
Әкім облыста сауықтыруды ұйымдастыру үшін қала сыртындағы 11 лагерь, оның ішінде 6 мемлекеттік лагерь жұмыс істейтінін атап өтті. Онда 10 мыңға жуық бала демалады.
«Демеушілер есебінен 1300 жолдама сатып алынды, оның ішінде «Балаларға жолдама сыйла» челленджі аясында. Сонымен қатар, «Арселор Митталл» және «Қазақмыс» ірі кәсіпорындары есебінен жұмыскерлердің 3 мыңға жуық баласы демалатын болады. 100 мыңнан астам бала тамақтандырумен және бейіндік алаңдармен қамтылады», — деді өңір басшысы.
Сонымен қатар облыс әкімі Ұлытау ауданында «Ұлытау» жеке этно-туристік лагері ашылғанын айтты. Онда балалар қолөнер, ұлттық тағамдар дайындауды үйренеді, ұлттық ойындармен және өлке тарихымен танысады. Жаз бойы лагерьде 660 бала демалады.
«Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан, сондай-ақ профилактикалық есепте тұрған балаларға ерекше назар аударылады. Бұл 15 мыңға жуық бала. 1 маусымда Жезқазған қаласында мүгедек балалары бар 11 отбасы «Қазақмыс» корпорациясынан пәтер алады», — деді Ж. Қасымбек.
Жазғы кезеңде қосымша білім беру ұйымдарының, аула клубтарының, мәдениет және спорт объектілерінің базасында үйірмелер мен секциялар жұмыс істейтін болады. «AulaFit» спорттық жобасы іске асырылады, сондай-ақ аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды жүзуге тегін оқыту практикасы жалғасын табады.
Сондай-ақ «Баршаға арналған өнер» жобасын іске асыру жалғасады, оның аясында балалар мен жасөспірімдердің Қарағанды қаласының мұражайларының, театрларының мәдени объектілеріне, концерт және көрме залдарына ай сайын тегін баруы көзделген.
«Бүгінгі таңда мәдениет нысандарына 37 мың бала, оның ішінде 4 мыңы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан келген. Жаз бойы көп балалы және халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалар үшін Нұр-Сұлтан қаласына және киелі жерлерге экскурсиялар ұйымдастырылады», — деді облыс әкімі.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде Қарағанды облысының әкімдігімен маусым айынан бастап «Туристік-өлкетану жұмысын ұйымдастыру» жобасы іске асырылады, оның шеңберінде балалар туризмін дамыту жөніндегі тірек орталықтарын ашу, оқу жорықтары мен жас туристердің слеті жоспарланып отыр.
«Жазғы кезеңде 23 мыңнан астам жасөспірім түрлі кәсіпорындарда жұмысқа орналасуды жоспарлап отыр, оның ішінде 2 200 оқушы «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін болады. Осы бағыттағы жұмыс жалғасатын болады», — деп түйіндеді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.