Жаңа облыстардың пайда болуы ел экономикасының әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді

279

ҚР ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров пен вице-министр Бауыржан Омарбеков Орталық коммуникациялар қызметінде «Жаңа облыстардың құрылу барысы. Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері» тақырыбында өткен баспасөз конференциясына қатысты. 

2022 жылдың 16 наурызында Мемлекет басшысы өзінің «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарын құруды ұсынды. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, әкімшілік-аумақтық қайта құрулар аумағы 935 мың шаршы шақырым (ел аумағының 35%-ы) аумақта тұратын шамамен 5 млн тұрғынның (4,9 млн адам, ел халқының 25%-ы) өміріне әсер етеді. Оның ішінде ауданы 493 мың шаршы шақырым (ел аумағының 18%-ы) болатын Абай, Жетісу, Ұлытау жаңа облыстарында шамамен 1,5 млн адам (ел халқының 7,8%-ы) тұрады.

«Елдің әкімшілік-аумақтық құрылысындағы осы өзгерістер әлеуметтік-экономикалық дамудағы теңгерімсіздікті төмендету және өңірлердің аумақтық байланысын қамтамасыз ету негізіне бағытталған жаңа өңірлік саясаттың басымдықтарына толық сәйкес келеді», — деді ҚР Ұлттық экономика министрлігінің басшысы.

Оның айтуынша, Семей, Жезқазған және Қонаев қалалары облыс орталықтары мәртебесін қайтарумен дамуға жаңа серпін алады, таланттар мен мәдени алмасуларды, білікті еңбек ресурстарын, экономикалық, қаржы-инвестициялық және сауда ағындарын тарту орталықтары ретінде өзінің тартымдылығын арттырады. Бүгінде аталған қалаларда инфрақұрылымның тозуына, жолдардың сапасына, көлік жүйесінің жай-күйіне байланысты проблемалар бар. Жаңа мәртебе осы қалаларға инвестициялар ағынын ұлғайтады және аумақтық-әкімшілік бөліністің неғұрлым ұтымды есебінен жергілікті проблемаларды неғұрлым тиімді шешуге мүмкіндік береді. Жалпы, Мемлекет басшысының бұл реформасы өңірлерде жинақталған проблемаларды кешенді шешуге және олардың одан әрі дамуының кедергілерін жоюға бағытталған. ҚР Президентінің жаңа облыстарды құру жөніндегі бастамасы халық (жергілікті қоғамдастық жиындарында), жұртшылық, қаралып отырған өңірлердің аудандық және облыстық деңгейдегі депутаттары арасында қолдау тапты. Осылайша, жаңа облыстарды құру және тарихи атауларды қайтару ұлттық сана-сезімді нығайта түседі.

Әлібек Қуантыров Президенттің жаңа облыстарды құру жөніндегі бастамасын іске асыру үшін Үкімет тиісті жұмыс жүргізгенін атап өтті. Осы жылғы наурыз айында Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен үкіметтік комиссия құрылды және осы комиссияның тиісті жұмыс алгоритмі бекітілді. Сәуір айында Үкімет жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының отырысы өтті, онда жаңа облыстарға – Абай, Жетісу, Ұлытау атауларын беру туралы ұсыныс қолдау тапты.

Анықтама:

Жаңадан құрылған облыстар бойынша қалалар мен аудандар мына әкімшілік-аумақтарға жатады:

– Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Үржар, Ақсуат, Көкпекті аудандары мен Семей және Курчатов қалалары әкімшілік орталығы Семей қаласында орналасқан Абай облысына қарайды.

– Әкімшілік орталығы Талдықорған қаласында орналасқан Жетісу облысына Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан аудандары, Талдықорған және Текелі қалалары енді.

– Әкімшілік орталығы Жезқазған қаласында орналасқан Ұлытау облысының құрамына Жаңаарқа, Ұлытау аудандары, Жезқазған, Қаражал және Сәтбаев қалалары кірді.

Жаңа облыстардың шекарасын айқындау, әкімдерін тағайындау 

ҚР ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров осы жылдың сәуір айында жаңа облыстардың шекарасын анықтау бойынша мәслихаттардың тиісті сессиялары өткізілді. Жаңа облыстар аумағының шекараларын айқындау кезінде жергілікті халықтың пікірі, өңірдің экономикалық және инфрақұрылымдық әлеуеті, халық саны және басқа да өлшемдер ескерілді. Нәтижесінде, Мемлекет басшысы 3 мамырда Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарын құруды көздейтін «Елдің әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына қол қойды. Осы Жарлық биыл 8 маусымда күшіне енді. Осылайша, Қазақстан картасында Абай, Жетісу, Ұлытау деген тарихи атаулары бар үш жаңа облыс пайда болды.

Жарлықты іске асыру үшін Үкімет тиісті ұйымдастыру іс-шараларының жоспарын (Жарлықты іске асыру жөніндегі Жол картасын) қабылдады. Жол картасының негізгі іс-шаралары – жергілікті және аумақтық басқару құрылымдарын қалыптастыру, облыстар арасында бюджет және коммуналдық меншік бойынша бөлу, бюджетті бекіту, әділет органдарында тіркеу, салық кодтарын беру, шоттар ашу және басқалар.

«Жалпы, жол картасында 27 іс-шара қарастырылған және ол орындалып жатыр. Осы жылы 8 маусымда жаңадан құрылған облыстар мәслихаттарының сессиялары өткізілді, онда мәслихаттардың хатшылары сайланды, депутаттық мандаттар бөлінді, регламенттер бекітілді», — деді ұлттық экономика министрі.

Әлібек Қуантыров қазіргі уақытта облыс әкімін тағайындауды мәслихат депутаттарымен келісудің жаңа тетігі қабылданғанын атап өтті. Мемлекет басшысының тиісті Жарлығына сәйкес Президент өңір әкімі лауазымына кемінде екі кандидатура ұсынатын болады. Облыс әкімі лауазымына тағайындауға келісім облыс аумағында орналасқан барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының жиналысында ашық не жасырын дауыс беру арқылы беріледі. Осылайша, дауыс беруге қатысқан депутаттардың көп дауысын алған кандидат келісім алған болып есептеледі.

Оның айтуынша, жақын арада мәслихаттар сессиясында күн тәртібіне облыстарды басқару схемасын бекіту мәселелері шығарылатын болады. Басқару схемалары бекітілгеннен кейін өңірлерде облыстық басқармалар қалыптастырылып, тиісті кадрлық тағайындаулар жүргізіледі. Биыл 3 маусымда Үкімет қосымша бірліктер бөле отырып, қайта құрылған және құрылған облыстар аумағындағы әкімдіктердің штат санының лимиттері белгіленген тиісті қаулы қабылдады.

Жергілікті атқарушы органдар штаты, еңбекақы төлеу қорына жұмсалатын қосымша шығыстар

Жергілікті атқарушы органдар үшін қосымша 438 бірлік бөлінеді, оның ішінде Жетісу облысына – 242, Абай облысына – 102, Ұлытау облысына – 94. Нәтижесінде Алматы облысы әкімдігі қызметкерлерінің жалпы саны 2 230-ды, Жетісу облысында – 1 735-ті, ШҚО-да – 1 917-ні және Абай облысында – 1 868-ді, Қарағанды облысында – 2 545-ті және Ұлытау облысында – 752-ні құрайды.

Үш облыстың Еңбекақы төлеу қорына жұмсалатын қосымша шығыстардың жалпы көлемі биыл 1,6 млрд теңге, келесі үш жылда орта есеппен 3,2 млрд теңге болады.

Сонымен қатар қазіргі уақытта орталық мемлекеттік органдар үшін штат санын белгілеу бойынша жұмыс жүргізілуде, олардың аумақтық бөлімшелері жаңадан құрылған облыстарда құрылады.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, 24 мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелері құрылады, қосымша қажетті штат бірліктері 2 148 құрайды. Еңбекақы төлеу қорына қосымша шығыстар шамамен 13 млрд теңгені құрайды, оның ішінде жылына шамамен 12,3 млрд теңге – республикалық бюджеттен, жылына шамамен 0,7 млрд теңге – жергілікті бюджеттен (жергілікті бюджет есебінен ұсталатын ІІМ құрылымдарының еңбекақы төлеу қорына). Жаңадан құрылған облыстардың мемлекеттік органдары құрылғаннан кейін өңірлерде бюджет пен коммуналдық меншікті облыстар арасында бөлу жөніндегі жұмыс басталады.

«Біз жергілікті жерлерге барып, облыс орталықтарында инфрақұрылым, жылжымайтын мүлік объектілерінің болуын, әкімшілік ғимараттарды сатып алу, жалға алу және оларға жөндеу жүргізу және т.б. қажеттіліктерді зерделеп, талдадық. Жалпы, жаңа облыс орталықтарында мемлекеттік органдар мен қызметкерлердің жұмыс істеуіне қажетті әкімшілік ғимараттар бар», — деді ведомство басшысы.

Бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдар облыс орталықтарындағы әкімшілік ғимараттарды сатып алу, жөндеу, жалға беру үшін қажетті бюджет қаражатының алдын ала көлемін анықтады. Алдын ала жалпы қажеттілік шамамен 12 млрд теңгені (сатып алынатын нысандар – 7,5 млрд теңгені, жөнделетін нысандар – 3,6 млрд теңгені, жалға алынатын нысандарға жұмсалатын шығындар жылына 854 млн теңгені) құрайды. Бюджет қаражатын бөлу мәселесі Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында айқындалған тәртіппен қаралатын болады.

Жаңа өңірлердің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері

ҚР ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров аталған өңірлердің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің күтілетін өсу қарқынына да қысқаша тоқталып өтті.

Оның айтуынша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Абай облысы бойынша ЖӨӨ көлемі 2 трлн теңгеге дейін (2021 жылмен салыстырғанда 5%-ға өседі), Жетісу облысында – 1,1 трлн теңгеге дейін (22%-ға) артады, ал Ұлытау облысында ЖӨӨ 1,3 трлн теңге (2021 ж. деңгейінде) болады деп күтілуде.

Алматы облысының ЖӨӨ 2022 жылы 3,2 трлн теңгені (2021 жылмен салыстырғанда 10%-ға өседі), ШҚО-да – 3,5 трлн теңгені (өсім 6%), Қарағанды облысында 6,8 трлн теңгені (өсім 15%) құрайтын болады.

Жан басына шаққандағы ЖӨӨ 2022 жылы Абай облысы бойынша 3,1 млн теңге (2021 жылмен салыстырғанда 5%-ға өседі), Жетісу облысы бойынша – 1,6 млн теңге (өсім 18%) деңгейінде болжанып отыр, ал Ұлытау облысы бойынша бұл көрсеткіш 2021 жылғы деңгейде сақталады және 5,5 млн теңгені құрайды деп күтілуде, бұл шамамен 2021 жылғы жан басына шаққандағы ЖІӨ-ден 30%-ға артық (4,3 млн теңге).

Алматы облысы бойынша жан басына шаққандағы ЖӨӨ 2022 жылы 2,2 млн теңге (2021 жылмен салыстырғанда 6%-ға өседі), ШҚО-да – 4,9 млн теңге (6%-ға өседі), Қарағанды облысында – 5,1 млн теңге (2021 жылғы деңгейде) деңгейінде болжанып отыр.

2022 жылы Абай облысының жеке кірістері 70 млрд теңгені (2021 жылмен салыстырғанда 200 млн теңгеге ұлғаяды), Жетісу облысында – 58 млрд теңгені (1,9 млрд теңгеге ұлғаяды), Ұлытау облысында – 48 млрд теңгені (0,7 млрд теңгеге ұлғаяды) құрайды деп күтілуде.

Алматы облысының бюджетінің меншікті кірістері 2022 жылы 343 млрд теңге (2021 жылмен салыстырғанда 8%-ға артады), ШҚО-да – 131 млрд теңге (1%-ға артады), Қарағанды облысында – 200 млрд теңге (2021 жылғы деңгейде) деңгейінде болжанып отыр.

Әлібек Қуантыров алдын ала болжамдық есептер бойынша жаңадан құрылған Алматы облысы, ең аз шығындар көлемімен болса да, перспективада республикалық бюджеттің доноры бола алатынын атап өтті.

Сонымен қатар жаңадан құрылған өңірлерде өнеркәсіптік өндіріс көлемін ұлғайту жоспарланған, оның ішінде Абай облысы бойынша 1 трлн теңгеге (2021 жылмен салыстырғанда 10%-ға өседі), Жетісу облысында – 275 млрд теңгеге (12%-ға), Ұлытау облысында – 855 млрд теңгеге дейін (1,5%-ға).

Алматы облысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2022 жылы 1,4 трлн теңгені (2021 жылмен салыстырғанда 10%-ға өседі), ШҚО-да – 2,3 трлн теңгені (19,5%-ға өседі), Қарағанды облысында – 3,4 трлн теңгені (0,5%-ға өседі) құрайды.

ҚР Ұлттық экономика министрі жаңа облыс орталықтарын дамыту мақсатында қажет болған жағдайда Семей, Жезқазған, және Қонаев қалаларын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарлары әзірленіп, өзектендірілетінін айтты.

Тұтастай алғанда, аталған облыстардың пайда болуы тек осы өңірлердің ғана емес, бүкіл ел экономикасының әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді.

Реформа жаңа өндірістер ашу, жаңа жұмыс орындарын құру, инвестициялар тарту, инфрақұрылымды жақсарту жолымен өмір сүруге жайлы орта құру сияқты оң нәтижелерге қол жеткізе отырып, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Оңтайлы әкімшілік-аумақтық құрылым тұрғындардың облыс орталығына дейін және кері қайтуын жеңілдетеді, ішкі көші-қонды тиімдірек реттеуге ықпал етеді.

Advertisements