ПРЕЗИДЕНТТІҢ ТАПСЫРМАЛАРЫН ОРЫНДАУ: 2022 ЖЫЛДЫҢ СОҢЫНА ДЕЙІН АӨК-ТІ СУБСИДИЯЛАУДЫҢ ЖАҢА ҚАҒИДАЛАРЫ ЕНГІЗІЛЕДІ
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шаралары қаралды. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Президенттің АӨК саласы бойынша берген тапсырмаларын іске асыру туралы баяндама жасады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында ведомствоның алдына қойған міндеттерін мұқият қарап, оларды іске асыру бойынша нақты шаралар әзірледі. Мәселен, өндіріс көлемін ұлғайту және отандық ауыл шаруашылығы өнімінің қосылған құнын арттыру проблемасын шешу үшін мемлекеттік ынталандыру және қолдау шаралары түзетіліп жатыр. Атап айтқанда, субсидиялау қағидаларына ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өндіріс көлемін тұрақты ұлғайту және өңдеуші кәсіпорындарға шикізат жеткізу бойынша қарсы міндеттемелер алуы жөнінде міндетті норма енгізіледі. Терең өңделген өнімдер шығаратын өңдеуші кәсіпорындарды мемлекеттік қолдау ауқымын кеңейту көзделіп отыр.
«Саланы субсидиялаудың жаңа ұзақ мерзімді тәсілдемелерін дайындау мәселесіне келетін болсақ, біз бұл жұмысты Мемлекет басшысының бұдан бұрын берген тапсырмасы аясында жүргізіп жатырмыз. Жаңа қағидалар әзірлеу аяқталуға жақын. Қазіргі уақытта оны арнайы құрылған жұмыс тобы аясында талқылау жүріп жатыр. Келесі жылдан бастап аталған қағидалар бойынша жұмыс істеу үшін оларды осы жылдың соңына дейін бекітуді жоспарлап отырмыз», — деді ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.
Министрдің айтуынша, жаңа субсидиялау қағидаларының негізгі тұстары – қарсы міндеттемелердің орындалуын бақылаудың және оларды бағалаудың пәрменді құралдарын енгізу тетіктері арқылы бөлінген субсидиялардың тиімділігі мен нәтижелілігін арттыру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша болдырмау және цифрландыру есебінен субсидиялар алу рәсімін оңайлату.
Саланы техникалық және технологиялық қайта жарақтандыру бойынша ауыл шаруашылығына инвестициялар ағынын мемлекеттік ынталандыру, өндіріске ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар нәтижелерін енгізу шараларын одан әрі күшейту көзделген.
Ауыл кооперациясын дамыту бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі Парламентке кооперацияның қолданыстағы заңнамалық базасын кеңейту және кооперативтік қозғалысты мемлекеттік қолдауды күшейту жөнінде ұсыныстар енгізді, өңірлердің ерекшелігін ескере отырып келесі жылдае бастап іске асырылатын бүкіл республика бойынша жинақталған үздік жұмыс тәжірибесін масштабтау жөніндегі жол картасы әзірленіп, бекітілді.
«Кәсіпкерлерге жер бөлудің ашықтығы мен жеделдігін қамтамасыз ету бойынша қойылған міндеттер аясында “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры шеңберінде мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы әзірленіп, Парламентке енгізілді. Сондай-ақ бос жер учаскелері, жылжымайтын мүлік объектілері туралы қолда бар деректерді бірыңғай дерекқорға біріктіру жоспарланып отыр», — деді Е. Қарашөкеев.
Министрдің айтуынша, ауыл шаруашылығы бойынша бытыраңқы ақпаратты Бірыңғай цифрлық платформаға біріктіру бойынша жұмыс басталды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, тиісті жол картасы әзірленіп, бекітілді.
Сондай-ақ осы мәліметтердің әзірлігіне қарай су ресурстары бойынша Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен ықпалдасуды жүргізу жоспарланып отыр.
Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы еншілес ұйымының базасында агроөнеркәсіп кешеніндегі цифрландырудың бірыңғай операторы құрылды, сондай-ақ «Агрохимия қызметі республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы» мемлкеттік мекеме және АШМ «Топырақтану» ғылыми-зерттеу институты, сондай-ақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы базасында Ауыл шаруашылығы министрлігінде де бірыңғай бейінді кластерлік топырақ қызметі мен жер кадастрын құру ұсынылады.
«Жер мәселесіне келетін болсақ, бүгінгі таңда мемлекетке 2,9 млн га пайдаланылмайтын жерлер қайтарылды және 2023 жылдың соңына дейін 10 млн га пайдаланылмайтын және заңнаманы бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы жерлері бойынша нақты шешімдер қабылданатын болады», — деді министр.
Алайда осы көлемді жұмысты орындау үшін қосымша 200 штат бірлігін бөле отырып, жер инспекциясын нығайту, сондай-ақ аудан әкімдері және жер қатынастарына жетекшілік ететін облыс әкімдіктерінің орынбасарлары пайдаланылмайтын жерлерді анықтау бойынша мониторингті жүзеге асыру функцияларын тиісінше орындамаған жағдайда, олардың жауапкершілігін күшейту қажет.
«Жалпы Мемлекет басшысының Жолдауда қойған міндеттердіңорындалуы Министрліктің ерекше бақылауында болады», — деді ауыл шаруашылығы минситрі Ербол Қарашөкеев.