БОКСТАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АШЫҚ ТУРНИР ӨТУДЕ

185
Арыс қаласында Кеңес Одағының спорт шебері атанған азамат Нұржан Қосмамбетовті еске алуға арналған жастар мен жасөспірімдер арасында бокстан республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті. Шараға қала әкімі Гүлжан Құрманбековамен бірге Нұржан Қосмамбетовтің әкесі Төлебек Қосмамбетов, ұзақ жылдар бойы бокстан Қазақстанның бас бапкері болған Мырзағали Айтжанов және елге танымал боксшылар мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Алғаш рет ұйымдастырылып отырған спорт сайысына 2005-2008 жылдары туған 173 жасөспірім қатысып, олар 16 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті.
Үш күнге жалғасатын жарыста облыс аудандарынан бөлек, Алматы, Шымкент қаласы мен Жамбыл және Абай облысының спортшылары күш сынасады. Сондай-ақ, байрақты бәсекегеде Өзбекстандық жасөспірім спортшылар да өнер көрсетеді.
Бокстан КСРО спорт шебері атанған Нұржан Төлебекұлы Арыс қаласында өмірге келіп, қаладағы №11 Б.Момышұлы атындағы орта мектепті үздік бітірген. Спортқа деген құштарлығын дамыта түсу үшін ол Шымкент қаласындағы дене тәрбиесі және физкультура институтына түсіп, шеберлігін шыңдап, бокс саласында тамаша жетістіктерге жетті.
Облыстық, республикалық, одақтық, халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы атанған ол өзінің спорттағы жетістіктерімен ел-жұртына қуаныш сыйлап, соңынан ерген іні-қарындастарының жігерін жанып, рухын шыңдай білді. Тіпті, Арыс қаласындағы бокс мектебінің кең қанат жайып, өсіп өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан.
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі
Advertisements