ЖҰМЫСШЫ ТОПТЫҢ ҚЫЗМЕТІ ЖИДЕЛІДЕ ШИРАЙ ТҮСЕДІ

202
Жиделіде өткен кездесуде елді мекен тұрғындары қала әкімі Гүлжан Құрманбековаға көкейде жүрген сауалдарын жолдап, жауаптарын алды. Пікір алмасу форматында өткен жиында әсіресе, жайылымдық жер мәселесі қызу талқыланды.
Қала әкімі ауыл іргесіндегі жайылымдық жерді кеңейтудің бірнеше бағытын түсіндірді. Ол үшін алдымен тұрғындар мал басын тіркеп, қора жайларын заңдастыру керектігін ескертті.
Сол кезде мал саны мен жайылымдық жер көлемі сәйкес келмейтіні анықталады. Сондай-ақ, жер мамандары тарапынан игерусіз жерлерді мемлекет меншігіне қайтару процесі қатар жүргізіледі.
«Міне, осы кезде ауыл іргесіндегі жайылымдық жерлер ел игілігіне берілетін болады. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін біз қазіргі кезде жерді конкурс тәртібімен беруді уақытша шегеріп отырмыз», – деді Гүлжан Мамытқызы.
Басқосуда әкімдік жанынан құрылған арнайы жұмысшы топ өкілдерінің қызметін Жиделіде де ширату керектігі тапсырылды. Яғни, үй-жайы мен мал басын заңдастыруға жауапты сала мамандары шұғыл жұмылдырылып, жергілікті тұрғындарға көмектесу қажеттігі айтылды.
Кездесу соңында әкімнің азаматтарды жеке қабылдауы өтіп, онда елді мекендегі амбулаторияны жылыту мен ауыз су мәселесі шешілді. Оған қоса, жеке кәсіпкерлікті дамыту үшін жер сұрай келгендерге заң шеңбері аясында тиісті деңгейде көмек көрсетілетін болды.
Advertisements