АРЫСТЫҚ ЖЕКЕ КӘСІПКЕР ҚАЛАҒА ЖАҢА СПОРТТЫҚ АЛАҢША ТАРТУ ЕТТІ

126

Қала күні мерекесіне орай арыстық кәсіпкер, «MEGA-AGAT» ЖШС басшысы Әлішер Рүстембек «Теміржолшылар» саябағына жаңа әмбебап спорттық және ойын алаңын тарту етті. Бұл қаламыздың жасөспірімдері, жастары мен ересектері үшін нағыз сыйлық болды.

Себебі, «Street Workout» – заманауи жаттығу алаңы белтемірлермен, қырлы бөренелермен, шығыршықтармен, швед қабырғаларымен, басқа да қажетті нысандармен жабдықталған. Мұндай таптырмас көше тренажерлері спортпен жаңадан шұғылдана бастаған азаматтар үшін акробатика мен түрлі қимыл-қозғалыс жаттығуларын сатылай жүргізуге мүмкіндік береді.

Шаһар басшысы Гүлжан Мамытқызы жаңа спорт нысанының ашылуымен барша спортсүйер қауымды құттықтап, оның қаламыз үшін маңызды екеніне тоқталды.

«Бүгін спорттық дәстүрлері қалыптасқан және өзіндік жетістіктері бар Арыс қаласы үшін өте маңызды күн. Қаламызда ерекше спорт алаңы ашылып отыр. Бұл қаламыздағы ең ірі кәсіпорындардың бірі «MEGA-AGAT» зауытының басшысы Әлішер Рүстембек мырзаның қаламызға жасап отырған сыйы. Денсаулық — халқымыздың басты байлығы. Игі іске бастамашы болған азаматтарға шынайы алғысымды айтамын. Баршаларыңызды айтулы мерекемен құттықтай келе, спортпен белсенді айналысуға шақырамын», деді Гүлжан Мамытқызы.

Айта кетейік, «Street Workout» бүгінде спорттың жаңа түріне айналды. Ол тірек-қимыл аппараты бұлшықеттері, қан айналым және тыныс алу, ас қорыту мүшелерінің ауруынан алдын алуға көмектеседі.

Advertisements