АРЫС ТҰРҒЫНДАРЫ 109 БІРЫҢҒАЙ БАЙЛАНЫС ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ИГІЛІГІН КӨРУДЕ

112

Түркістан облысы 109 бірыңғай байланыс орталығы ашылғалы бері жалпы 368 819 өтініш келіп түскен, оның 355 502 дер кезінде орындалған. Жыл басынан бері 98 411 өтінім келіп түскен, оның басым бөлігі уақытында жүзеге асырылған. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық мәжіліс отырысында баяндалды. Облыс басшысы тұрғындардан келіп түсетін өтініштерді назарға алып, дер кезінде орындауды тапсырды. Қоғам мен мемлекеттік аппарат арасында тығыз байланыс орнатуды баса айтып, тұрғындар өтінішіне дер кезінде жауап бермеген жауаптыларға ескерту жасады.

109 – Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде Түркістан облысы әкімінің қолдауымен ашылған орталық басқармалар, аудан, қала әкімдіктері мен коммуналдық кәсіпорындардың байланыс орталықтарын біріктіретін және 24/7 тәртібінде жұмыс жасайтын жалғыз орталық. Тұрғындардың өтініштерін қабылдау, орын алған жайттарды, апаттарды, коммуналдық және жедел қызметтер жұмысын үйлестіруге бағытталған. Мұнда барлық өтініштер өңделеді және тіркеу нөмірі беріліп, арнайы тізімге енгізіледі.

Жиналыста өңір басшысы тұрғындардың «109» орталыққа хабарласқаны әкімдікке деген сенімдерінің белгісі, сенімді ақтау үшін тыңғылықты жұмыс жасау қажеттігін баса айтты. Орталық халықпен кері байланыс орнатудың тиімді құралы ретінде арнайы ашылған. Келіп түскен шағымдар арқылы салалардың осал тұстарын көруге болады, сол арқылы ай сайын басқарма және әкімдіктердің рейтингісі жүреді.

– Түркістан облысы «Цифрлық даму орталығы» тарапынан 109 байланыс орталығына келіп түсетін өтінімдерді бақылау бойынша мобильді топ құрылған. Мобильді топ биыл 31 шілдесі мен 4 тамызы аралығында Бәйдібек, Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Шардара аудандарына арнайы тексеріспен шығып, бірқатар кемшіліктерді анықтады. Кей мамандар тарапынан байланыс орталыққа дер кезінде жауап бермей, өз жұмыстарына салғырт қарағаны белгілі болды. Аталған мәселе бойынша жауапты маманнан бөлек, ақпараттандыру бөлім мамандары мен әкім орынбасары дейін ескертіліп айтылған, – деді Облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Әсет Абдраханов.

Мониторинг топ мүшелері көшедегі тратуар мен асфальт, көше бойындағы балалар ойын алаңшасының бүлініп-сынуы, қоқыс қалдықтарын тазарту жұмыстары, кәріз құдықшаларының ашық қалуы, көпқабатты тұрғын үй кәріз құбырының тазаланбауы, секілді көптеген мәселелермен танысып, шешілуіне атсалысқан.

 

Advertisements