АРЫСТЫҚ АЙТЫСКЕР АҚЫН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖЫР ДОДАСЫНДА БАС ЖҮЛДЕ ИЕЛЕНДІ

114

11-12 тамыз күндері Павлодар облысы, Баянауылда өткен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165 жылдық мерейтойына арналған «Алты Алашқа жайылып кеткен атым» республикалық ақындар айтысында Арыстың тумасы Бекарыс Шойбеков бас жүлдеге ие болды.

Айтыстың алғашқы айналымы С.Торайғыров атындағы мәдениет үйінде өтсе, мәре айтыс Ескелді алқабында жалғасты. Дүбірлі доданы белгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтай жүргізді. Айтысқа Бекарыс Шойбековтен бөлек, Дидар Қамиев, Нұрмат Мансұров, Айым Асылбекқызы, Аспанбек Шұғатаев, Қабдолла Бейісхан, Абзал Қабдраш, Тілек Сейітов, Рауан Қайдаров, Мәрес Байрон сынды жалпы саны он ақын қатысты.

Биыл елімізде, соның ішінде Павлодар облысы Баянауыл ауданында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165 жылдығы кең көлемде тойлануда. Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов салтанатты іс-шараға қатысып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы халқымыздың ауыз әдебиетін, шежірелі тарихын және салт-дәстүрін жан-жақты зерделеп, ұлт руханиятын дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Ұлы ойшылдың мол мұрасы әлі де талай ұрпақтың қажетіне жарары сөзсіз. «Салған мені бейнетке ғылым-білім» деп ақынның өзі жырлағандай, терең таным мен телегей білімнің арқасында елге танымал болып, «Мәшһүр» атанған абызды ұлықтап, еңбектерін жұрттың жадында жаңғырту – баршамыздың ортақ парызымыз» – делінген Президент құттықтауында.

«Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков Павлодар облысындағы бірінші рет айтысқа барғанын, Мәшһүр Жүсіп бабамыздың мерейтойына арналған айтыстың тартысты өткенін жеткізді.

– Шыдатпай бойындағы шіркін өлең,

Ақындар жүр арқырап-күркіреген.

Баянауыл бейнеңді бір көрсем деп,

Шайырыңның бірі едім шын тілеген.

Бірінші рет басыппын топырағыңды,

Бісміллә деп қазақтың ғұрпыменен.

Асан Қайғы тамсанып кеткен жерге,

Арман шығар талайға бір түнеген.

Қалайша жадырамай тұра аласың,

Жолыққанда Арқаның жұртыменен.

Қабыл ал ақыныңның ақ тілегін,

Сәуірдің жауынындай сіркіреген.

Тамылжыған тамызға тура келген,

Тойларың құтты болсын дүркіреген, – түркістандық айтыскер ақынның айтыстағы шумағы да бұл сөзді дәлелдей түскендей.

Мерейтой аясында облыста республикалық ақындар айтысы, жыршы-термешілер байқауы, көкпар, бәйге мен қазақ күресінен жарыс өтті.

Advertisements