ДАРХАН САТЫБАЛДЫ АРЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ІСКЕРЛІГІН ЖОҒАРЫ БАҒАЛАДЫ

86
Арыс қаласының бір топ кәсіпкері қытайлық компаниялармен бірлесіп, зауыт ашуға бел буып отыр. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қытайдан оралған арыстық кәсіпкерлерді қабылдады. Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова бастаған делегация құрамында болған азаматтар Қытай Халық Республикасындағы бірнеше зауыт-фабриканың жұмысымен танысқан. Осы сапардан кейін арыстықтар жергілікті кәсіпкерлер одағын құруды көздеп отыр.
– Қытайда болдық. Көптеген кәсіпорындарды, зауыт-фабрикаларды көріп, таң қалдық. Содан кейін өндіріс орындарын өз елімізде ашу туралы ой туды. Расында, көрші мемлекеттен мол тәжірибе жинауға болады. Даму қарқыны таң қалдырады. Нарық сұранысын зерттей келе, алдағы уақытта өндіріс саласын да барынша ұлғайтуды көздеп отырмыз, – деді «Mega-Agat» директоры Әлішер Рүстембек.
Айта кетейік, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, облыстық басқармалар басшыларына, аудан, қала әкімдеріне инвестиция тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын құру бағытында нақты жұмыстар атқару жүктелді.
Атап айтқанда, Арыс қаласында орналасқан «MEGA-AGAT» зауыты қытайлық компаниямен бірлесіп, алюминий радиаторларын, газ қазандықтарын шығаратын зауыт ашуға ниет білдірді. Жобаның құны 10 млн. АҚШ долларын құрайды. Ал «Ontustik Qagaz Kompaniasy» ЖШС құны 900 млн. теңгеге санитарлық-гигиеналық қағаз бұйымдарын шығаратын өндірістік цех ашуды көздеп отыр. Жоба жүзеге асқанда жергілікті 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Қағаз өндірісінде жаңа технологияның көмегімен тәулігіне 20-50 тонна сапалы өнім шығарады. Жаңа өндіріс орындарын туған жерде ашуды қолға алған кәсіпкерлерге алғыс айтқан облыс әкімі өзгелерге үлгі болар құптарлық істі барынша қолдайтынын жеткізді.
Арыстық тағы бір компания «Аша-А» серіктестігі қытайлықтармен бірлесіп, түсқағаздар шығаруды жоспарлауда. Өз қаржысы және инвестор есебінен салынатын өндіріс алаңы іске қосылғанда тәулігіне 29 000 шаршы метр түсқағаз өндіре алады.
Ал Арыстың «Лидер-НС Строй» серіктестігі қытайлық «Haitian Group» компаниясымен бірлесіп, тұрмыстық қажетті пластикалық өнімдерден түрлі бұйымдар шығаратын зауыт жобасын ашуға ниетті. Жоба құны – 350 млн. теңге. Өндіріс орнында жергілікті азаматтар жұмысқа алынады.
– Әр мемлекетті «бағатын» – кәсіпкерлер. Салық төлейтін – сіздер. Сондықтан дәл қазір облыс төңірегінде зауыт-фабрикаларды жаппай ашуға күш саламыз. Біз – экономикасы шикізатқа негізделген мемлекетпіз. Бірақ бұл байлық шексіз емес. Әр отбасы өз жағдайын жасап, табыс көзін табуға кірісу керек. Әрине, бұл оңай жол емес. Десек те, қолдан келетін тірлік. Біздің өңір халқы өте еңбекқор. Табысы артқан сайын, өмір сүру деңгейі де артады. Осыған талпынуымыз керек. Біз терең өңдеу саласына көшу керекпіз. Осы бағыттағы жұмыстарға күш саламыз, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Нет описания фото.
Advertisements