АРЫСТЫҚ ӨРЕНДЕРДІҢ ТАҒЫ БІР ЛЕГІ ӘСКЕРГЕ АТТАНДЫ

102
Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеуге әрбір азамат міндетті, себебі туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш.
Бүгін Арыс қаласында Орталық Әл-Фараби алаңында жылдағы дәстүр бойынша Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанып бара жатқан болашақ сарбаздарды әскерге шығарып салу салтанаты өтті.
Тәрбиелік мәні зор іс-шараға қала әкімі Гүлжан Құрманбекова қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберген Әсіл, мектеп оқушылары және колледж студенттері, әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері, әскерге шақырылғандардың ата-аналары, түрлі қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, ардагерлер, қала тұрғындары қатысты.
Салтанатты шарада қала әкімі Гүлжан Құрманбекова сөз сөйлеп, болашақ сарбаздарға ақ жол тіледі.
«- Әскери қызметті ел үшін, туған жер үшін адал атқарыңыздар. Арыстық сарбаздар жайлы тек жақсы сөз естиік. Себебі біздің қала – тарихта қайсар мінезімізбен танылған қала. Ел айбынын асқақтатар азаматтарға борыштарын аман-есен атқаруға тілектеспін. Антына адал, сертке берік болып, әскери міндетті мінсіз атқарып келіңіздер!» – деді қала әкімі.
Бұдан кейін әскерге шақырылған жігіттерге сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ салтанатты жиынға қатысушыларды қалалық қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлім бастығы подполковник Ерлан Төлендіұлы жиналған қауымды мерекемен құттықтап, әскерге шақырылушыларға азаматтық борыштарын абыроймен өтеп келулеріне тілектесігін білдірді. Еңбек ардагері, қаламыздың құрметті азаматы Қонысбек Балқыбек болашақ сарбаздарға ақ батасын берді.
Айта кетейік, бүгінгі таңда мерзімді әскери қызметті өткерген азаматтарға көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Олар еліміздің 42 жоғары оқу орнында тегін білім ала алады. Сондай-ақ, офицер атағын алу үшін ЖОО-ның әскери кафедрасына емтихансыз грант негізінде түсу мүмкіндігі беріледі.
Жалпы, биыл Арыста көктемгі шақырылымда 107 бала Отан алдындағы борышын өтеуге аттанса, күзгі шақырылымда тағы 100-ден аса баланы әскер сапына алу жоспарлануда. Ал, бүгін аттанған 10 болашақ сарбаздар ҚР Қарулы күштерінің Мемлекеттік күзет қызметіне және аэроұтқыр әскерлері сапына алынады.
Нет описания фото.
Advertisements