РЕФЕРЕНДУМ: АРЫСТА КОЛЛЕДЖ СТУДЕНТТЕРІМЕН КЕЛЕЛІ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

24

Арыс қалалық мәслихат депутаты Бақтығали Ділдәбеков және қалалық Ішкі саясат бөліміне қарасты Жастар ресурстық орталығының басшысы Мөлдір Сарыпбекова Арыс гуманитарлық техникалық колледж студенттерімен кездесті. Кездесу барысында қоғамдағы маңызды тақырыптардың бірі – елімізде 6 қазанға белгіленген АЭС құрылысына қатысты референдум кеңінен талқыланды.

Б.Ділдәбеков студенттерге бұл референдумның еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам екенін түсіндірді. Ол АЭС салудың ел экономикасына және болашақ ұрпаққа берер оң әсерлері туралы айтып, әлемде атом энергетикасының алдыңғы қатарлы елдер тәжірибесіндегі орны ерекше екенін атап өтті.

Студенттер тарапынан АЭС құрылысына қатысты көптеген сұрақтар қойылды. Көпшілігі экологиялық қауіпсіздікке, тұрғындардың денсаулығына әсері туралы алаңдаушылық білдірді. Б. Ділдәбеков бұл мәселелердің назардан тыс қалмайтынын, референдумның да осы сауалдардың ашық әрі әділ қаралуы үшін өткізілетінін айтты.

Кездесу соңында депутат студенттерді саяси белсенділік танытып, референдумға қатысуға шақырды. Сонымен қатар, ол жас ұрпақтың мемлекетіміздің дамуындағы маңызды рөл атқаратынын және олардың ой-пікірлерін тыңдауға әрдайым дайын екенін жеткізді.

Кездесу студенттерге пайдалы әрі ақпараттық тұрғыда мағыналы болды. Олар елдің болашағы үшін маңызды шешімдер қабылдау процесіне өз үлестерін қосу қажеттігін терең түсінгенін атап өтті.

 

Advertisements