АРЫСҚА ҚАРАСТЫ ЕЛДІ МЕКЕНДЕР МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАНДАРМЕН ҚАМТЫЛДЫ

1

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында және өңірлерді дамытуға бағытталған тапсырмаларында ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуда денсаулық сақтау саласының рөлін ерекше атап өтіп, елді мекендерде заманауи, қолжетімді медициналық инфрақұрылым қалыптастыруды міндеттеген болатын. Осыған сәйкес Түркістан облысында жүйелі жұмыс атқарылып келеді.

Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың айтуынша, бүгінде өңірдің денсаулық сақтау жүйесі кезең-кезеңімен жаңартылып, шалғай ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету мүмкіндіктері артып келеді. Бұл бағытта «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында 2023 жылы облыс көлемінде 55 нысанның құрылысы басталып, соның ішінде 48-і алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетуге бағытталған денсаулық сақтау мекемелері ретінде қарастырылған.

Сонымен қатар, бірқатар ауылдық медициналық пункттер мен емханаларға күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, санитарлық талаптарға сәйкестендірілуде. Құрылыс және жөндеу жұмыстарының нәтижесінде 100 мыңнан астам ауыл тұрғынына сапалы, үздіксіз медициналық қызмет көрсетілетін болады. Жаңадан бой көтеріп жатқан нысандар заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, өрт қауіпсіздігі және санитарлық-гигиеналық талаптарға толықтай сай салынуда.

Бүгінгі таңда облыста жалпы 58 медициналық нысанға қажеттілік анықталған. Оның ішінде 25 нысанды 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен іске қосу жоспарға енгізілген. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы жылдары да жалғасады. Сонымен бірге ауруханалар мен емханалар жаңа жедел жәрдем көліктерімен және қазіргі заманға сай диагностикалық аппараттармен жарақтандырылды. Бұл ауыл тұрғындарының денсаулығын дер кезінде тексеріп, алғашқы көмекті уақытылы көрсетуге мүмкіндік береді.

Облыс әкімдігі тарапынан тек инфрақұрылымды жаңарту ғана емес, сонымен қатар білікті медициналық кадрлармен қамтамасыз ету ісіне де ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазіргі таңда өңір бойынша 423 бейінді дәрігер маман жетіспейді. Оның ішінде 141 маман Түркістан қаласында салынып жатқан 570 төсек-орындық жаңа облыстық көпбейінді ауруханаға қажет. Осы тапшылықтың орнын толтыру мақсатында 5 жылдық жоспар құрылып, 639 грант резидентураға бөліну көзделуде. 2023 жылдан бері оның 176-сы игеріліп, білім алып жатқан жас мамандар болашақта өңірдің денсаулық сақтау жүйесін сапалы кадрлық ресурспен қамтамасыз етеді.

Бүгінде Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдарда 24 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етеді. Мамандардың кәсіби деңгейін көтеру де назардан тыс қалмаған. Мәселен, өткен жылы 40 дәрігер Ресей Федерациясында біліктілігін арттырса, 234 орта буын медицина қызметкері Астана қаласындағы ҚР Іс басқармасы медициналық орталығында қайта даярлау курсынан өтті.

Жалпы, атқарылып жатқан шаралардың барлығы өңір халқының өмір сапасын арттыруға, ауыл мен қала арасындағы медициналық қызмет көрсетудегі теңсіздікті азайтуға бағытталған. Бұл жұмыстар келешекте де жалғасын табатын болады. Түркістан облысы тұрғындарының денсаулығын сақтау – басты басымдықтардың бірі ретінде қала береді.

Advertisements