МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ АРЫС ҚАЛАСЫНА ІС-САПАРМЕН КЕЛДІ

5

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Қайрат Балабиев жұмыс сапарымен Түркістан облысына қарасты Арыс қаласына келді. Бұл сапар халықтың мұң-мұқтажын тыңдау, жергілікті жердегі мәселелермен танысу және елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына тікелей назар аудару мақсатында ұйымдастырылды.

Іссапар аясында мәжілісмен алдымен қала әкімі Гүлжан Құрманбековамен бірге әкімдік ғимаратында жергілікті атқарушы орган өкілдерімен және тиісті сала басшыларымен, ауылдық округ әкімдерімен кездесу өткізді. Жиын барысында өңірдегі өзекті мәселелер, халықтың көтеріп жүрген түйткілді сұрақтары кеңінен талқыланды. Кездесуде депутат биылғы жылы Мәжіліс қабырғасында атқарылған негізгі жұмыстарды баяндап, заңнама саласындағы өзгерістер, қабылданған заңдар мен реформалар туралы толыққанды ақпарат берді.

Қайрат Балабиев Арыс қаласында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында жүргізілген жұмыстарға оң баға беріп, бұл бастаманың елдің экологиялық және санитарлық жағдайын жақсартудағы маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, қала әкімі тарапынан ауылдық аймақтарды дамыту, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бағытында бірқатар мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасына Арыс қаласының орталығы мен бірқатар ауылдарының енгізілмей қалғаны сөз болды. Әкім бұл бағытта депутаттың тікелей араласуымен қаржы бөлу мәселесін қозғап, каналдарды күрделі жөндеуден өткізу, электр желілерін жаңарту сынды нақты ұсыныстарын жеткізді. Өз кезегінде халық қалаулысы бұл ұсыныстардың орынды екенін айтып, барлық ұсынысты назарға алып, депутаттық сауал жолдайтынын мәлімдеді.

Сапар барысында мәжілісмен Арыс аудандық орталық ауруханасына барып, денсаулық сақтау саласының тыныс-тіршілігімен танысты. Дәрігерлермен өткен кездесуде сала қызметкерлері өздерін толғандырған бірқатар мәселелерді ортаға салды. Медициналық мекеме қызметкерлері Арыс қаласында экологиялық аймақ мәртебесіне қарамастан, дәрігерлерге төленетін экологиялық үстеме ақы мөлшері өте төмен екенін жеткізді. Бұл жағдай медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайына кері әсерін тигізіп отырғанын алға тартты. Сондай-ақ, емхана ғимаратының ескіргені, бүгінгі заман талабына сай келмейтіні айтылды. Дәрігерлер жаңадан заманауи үлгідегі емхана салынса деген тілектерін білдірді. Қайрат Балабиев бұл ұсыныстардың барлығын назарға алып, жауапты органдармен тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтты.

Іс-сапар шеңберінде депутат Арыста жүргізіліп жатқан бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалармен де танысты. Отырар шағын ауданында салынып жатқан 600 орындық жаңа мектеп құрылысы сапардың маңызды нысандарының бірі болды. Аталған білім ұясы заманауи стандарттарға сай салынып жатыр және мектеп тапшылығын жоюға бағытталған. Сонымен қатар, депутат жеке инвестиция есебінен бой көтеріп жатқан өңірдегі бірегей транспорттық-логистикалық орталықтың құрылысымен де танысты. Бұл орталық алдағы уақытта өңірдің экономикалық дамуына серпін беріп, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау, тасымалдау және экспорттау жұмыстарын жүйелеуге септігін тигізеді.

Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев сапар барысында «AMANAT» партиясының Арыс қалалық филиалында қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға келген қала тұрғындары баспана, тұрғын үй кезегі, жайылым жерлердің тапшылығы, жол мәселесі, денсаулық сақтау, әлеуметтік төлемдерге қатысты мәселелерін көтерді. Әр тұрғынның сұрағына жеке-жеке тоқталып, нақты жауап берген депутат көтерілген мәселелерді жазбаша түрде жолдауды ұсынды. Сонымен бірге, бұл хаттар негізінде тиісті органдарға депутаттық сауал жолдап, олардың орындалуын жеке бақылауында ұстайтынын жеткізді.

Осылайша, Қайрат Балабиевтің Арыс қаласына жасаған іс-сапары халықпен тікелей диалогқа, елдің шынайы жағдайымен танысуға және нақты проблемаларды шешу жолдарын қарастыруға бағытталды. Бұл сапар депутат пен халық арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, Парламент жұмысын жергілікті деңгейде түсіндіруге сеп болды. Мұндай кездесулер – ел ішіндегі мәселелердің шешімін табуына дәнекер болар маңызды алаң.

Advertisements