АРЫС: «КЕҢ ДАЛА 2» ЖОБАСЫ ШАРУАЛАРҒА 5 ПАЙЫЗДЫҚ НЕСИЕ БЕРЕДІ

3

Бүгін көктемгі дала жұмыстарына бөлінетін қажетті несие және мемлекеттік қолдау шараларының берілу шарттарын түсіндіру мақсатында ауыл шаруашылығы саласының өкілдерімен облыстан келген арнайы жұмыс тобы кездесті. Кездесу барысында фермерлерге арналған «Кең Дала 2» бағдарламасының негізгі бағыттары мен тиімді тұстары жан-жақты түсіндірілді.

Жиында сөз алған мамандар бағдарламаның ауыл еңбеккерлері үшін маңызды мүмкіндік екенін атап өтті. Атап айтқанда, «Кең Дала 2» жобасы арқылы шаруалар көктемгі егіс науқаны кезінде қажет қаржыны жылдық небары 5 пайыздық жеңілдікпен ала алады. Бұл – қазіргі нарықтағы пайыздық мөлшерлемелермен салыстырғанда әлдеқайда төмен, әрі тиімді ұсыныс.

Жауапты тұлғалар атап өткендей, бағдарлама арқылы берілетін қаржы ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға, жанар-жағармай, тұқым, тыңайтқыштар мен пестицидтер сатып алуға жұмсалады. Ең бастысы, бұл қаржы өнім көлемін арттыруға және ауыл еңбеккерлерінің табысын еселеуге тікелей ықпал етеді.

Сондай-ақ жиында кепіл мәселесі де сөз болды. Бұрынғы бағдарламаларда шаруалардың несие алуына басты кедергі — кепілзаттың жеткіліксіздігі болатын. Енді бұл түйткіл де оң шешімін тапқан. Егер шаруа қожалығының ұсынатын мүлкі қаржыландыру ұйымдарының талаптарына толық сәйкес келмесе, мемлекеттік «Даму» қоры 85%-ға дейін кепілдік беруге дайын. Бұл – әсіресе шағын және орта шаруашылықтар үшін үлкен қолдау.

Бұған дейінгі тәжірибеде несие қаражаты қысқа мерзімге, тек ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына дейін ғана қайтарылуы тиіс болатын. Бұл шаруалар үшін кей жағдайда ыңғайсыздық тудырып, өнімді тиімді бағада сатуға үлгермей жататын. Ал биылғы өзгерістер фермерлердің көңілінен шықты. Енді қарыздың 50%-ын 1 желтоқсанға дейін, қалған 50%-ын келесі жылдың 1 наурызына дейін өтеуге болады. Бұл оларға астықты нарықтағы ең тиімді бағамен сатып, қаржылық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Кездесу барысында қатысқан дихандар бағдарламаның шарттарына қатысты өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жауапты мамандардан толыққанды жауап алды. Олар, әсіресе, өтініш беру рәсімі, қаражаттың бөліну мерзімі, субсидиялау шарттары, құжаттар тізімі сияқты нақты сұрақтарды көтерді. Қаржы ұйымдарының, ауыл шаруашылығы басқармасы мен «Даму» қорының өкілдері барлық сұрақтарға жан-жақты түсініктеме беріп, қажетті ақпараттық буклеттерді таратты.

Фермерлер мен шаруа қожалықтарының басым бөлігі аталмыш бағдарламаның ауылдағы нақты жағдайды ескеріп жасалғанын айтып, оны оң қабылдады. Көпшілігі бұрын-соңды несие рәсімдеуде кездескен қиындықтар мен бюрократиялық тосқауылдардың жаңа жүйеде жеңілдегенін атап өтті. Сонымен қатар, шаруалар «Кең Дала 2» жобасы бойынша ауыл шаруашылығына бағытталған нақты әрі нәтижелі қадамдар жасалып жатқанын алға тартты.

Жиын соңында жұмыс тобы ауыл шаруашылығы өндірушілеріне бағдарламаның артықшылықтарын тағы бір мәрте тиянақтап түсіндіріп, кез келген сұрақпен тікелей байланыса алатын жауапты тұлғалардың байланыс нөмірлерін қалдырды. Ауылдағы еңбек адамдарының әл-ауқатын арттыру мен отандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Advertisements