ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТАБИҒАТҚА ЗИЯН КЕЛТІРГЕН КОМПАНИЯЛАРМЕН КЕЛІСІМШАРТТАР ТОҚТАТЫЛЫП ЖАТЫР

1

Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз немесе талапқа сай пайдаланбай жатқан кәсіпорындарға қарсы күрес жүйелі түрде күшейтілуде. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде кеңінен сөз болды. Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану – өңірдің экологиялық қауіпсіздігі мен тұрақты дамуының кепілі. Сондықтан табиғатқа зиян келтірген компанияларға қатысты нақты шешімдер қабылданып жатыр.

2023-2024 жылдар аралығында өңірдегі 16 кен орнының жұмысы заң аясында тоқтатылды. Бұдан бұрын, 2020-2024 жылдар аралығында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тарапынан тоқтатылған 14 кен орнының жерлері арнайы құрылған комиссия арқылы мемлекет меншігіне қайтарылған. Ал биылғы жылы міндеттемелерін орындамаған 10 жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттары мерзімінен бұрын күшін жойды.

Облыста қазіргі уақытта карьерлерді заңсыз немесе ережеге сай келмей пайдаланатын 38 компанияның келісімшарттарын тоқтату туралы ұсыныс әзірленіп, Облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасына жолданған. Бұл ұсыныстар прокурорлық сүзгіден өтіп, бекітілген жағдайда, келісімшарттар мен лицензиялар күшін жояды.

Облыс басшысы табиғатты қорғау саласындағы бақылауды күшейтіп, заңсыз жұмыс істейтін карьер иелеріне қатысты нақты әрі батыл шаралар қабылдау қажеттігін айтты:

«Жер қойнауын заңсыз пайдаланушыларды анықтау үшін құзырлы орган өкілдерімен бірлескен жұмыс тобы құрылған. Алайда мониторинг нәтижелері бойынша шешім қабылдау кезінде жауапты мекемелер өз міндеттерін толық атқармай отыр. Әрбір мекеме өзіне жүктелген жауапкершілікті сезініп, заңсыз әрекеттерге тосқауыл қоюы тиіс. Табиғатқа залал келтірмеу – басты мақсат. Карьерлерге тұрақты түрде рейд жүргізіліп, заң талаптарының орындалуы қатаң бақылауда болуы керек», – деді Нұралхан Көшеров.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов пен облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов карьерлерге қатысты заңбұзушылықтарды жою бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.

Бақылау жұмыстары барысында облыс аумағындағы 65 кен орнында түрлі заңбұзушылықтар анықталып, Экология департаменті келтірілген зиян көлемін есептеген. Нәтижесінде 20 компания өз еркімен 24,2 млн теңге залалды облыстық бюджетке өтеген. Ал келісімшарт шарттарын бұзған 4 компанияға қатысты 37,6 млн теңгені өндіріп алу үшін сотқа талап арыз берілген. Қалған 41 компания келісімшарттық аумақтан тыс жерде қазба жұмыстарын жүргізгені үшін құзырлы органдарға шара қолдану туралы ұсыныстар жолданған.

2024 жылдың өзінде ғана аудандық және қалалық әкімдіктер мен полиция бөлімшелері 495 рейдтік іс-шара өткізген. Осы рейдтер нәтижесінде 246 ауыр жүк көлігі мен 47 арнайы техника айыптұраққа қойылып, 31,1 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.

Айта кету керек, қазіргі таңда Түркістан облысында кең таралған пайдалы қазбаларды өндірумен айналысатын 193 жер қойнауын пайдаланушы тіркелген. Оның ішінде 80 келісімшарт пен 113 лицензия негізінде жұмыс істейтін кәсіпорындар бар. Бұл кәсіпорындардың әрқайсысы табиғатқа зиян келтірмеу, заң талаптарын сақтау және әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын ұстануы тиіс.

Табиғи ресурстар – ұлт игілігі. Оларды тиімді пайдалану ғана емес, болашақ ұрпаққа аманаттап жеткізу де – бүгінгі буынның басты міндеті. Сондықтан заңсыз әрекеттермен күрес әрі қарай да қарқынды түрде жалғасатын болады.

Advertisements