АРЫСТА АЛТЫН ҚҰРСАҚ АНАЛАР МЕМЛЕКЕТТІК НАГРАДАҒА ИЕ БОЛДЫ

1

Арыс қаласында мемлекет басшысының жарлығына сәйкес көпбалалы аналарға мемлекеттік наградалар салтанатты түрде табысталды. Қала әкімі Қайсар Маңқараевтың қатысуымен өткен шарада 7 және одан да көп бала тәрбиелеп отырған 5 анаға «Алтын алқа», ал 6 баланың анасы атанған 15 тұрғынға «Күміс алқа» марапаты табысталды.

Айта кетейік, «Алтын алқа» белгісі — Қазақстан Республикасының ордені мәртебесіне ие, бұл еліміздің әлеуметтік-отбасылық саясатындағы ең жоғары марапаттардың бірі саналады.

Салтанатты рәсім барысында қала әкімі аналарды шын жүректен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

— Ана — ұлттың ұйытқысы, қоғамның алтын діңгегі. Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде ананың орны ерекше. Баласын елге адал қызмет ететін азамат етіп тәрбиелеген жан барша құрметке лайық. Батыр аналарымыздың үлгісі — болашаққа бағдар, – деді Қайсар Зәкірұлы.

Марапаттау рәсімі жылы атмосферада өтіп, алтын құрсақ аналар әкімнің қолынан наградаларын алып, естелік суретке түсті. Шараға жиналған аналар да мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау үшін ризашылықтарын білдіріп, ізгі ниеттерін жеткізді.

Қазіргі таңда Арыс қаласында 2 691 батыр ана бар. Бұл — елдің демографиясына, ұрпақ тәрбиесіне қосылған зор үлес. Мемлекет осы аналарға айрықша қолдау көрсетіп келеді. Атап айтқанда, көпбалалы аналарға ай сайын табысына қарамастан мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Бұдан бөлек, алтын және күміс алқа иегерлері қоғамдық көліктерде тегін жүру құқығына ие.

Арыс қаласы әкімдігі алдағы уақытта да көпбалалы отбасыларды жан-жақты қолдап, олардың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырмақ. Анаға деген құрмет — елге деген құрмет екенін ұмытпаған жөн.

Advertisements