АРЫСТА БИЫЛ 1200 ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛАДЫ
Түркістан облысында халықты жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселесі күн тәртібінен түспейді. Биыл өңірде 120 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады, оның ішінде 60%-дан астамы – тұрақты жұмыс орындары болмақ. Бұл бастамалар Мемлекет басшысының тапсырмасы мен «10 мың тұрғынға – 100 жұмыс орны» қағидасына негізделген мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асуда.
Аталған мәселелер Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте кеңінен талқыланды. Жиында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева баяндама жасап, өңірде қолға алынған жұмыстар барысы мен алдағы жоспарлар жайында мәлімет берді.
Облыс әкімі жұмыспен қамту – басты мемлекеттік саясаттың бірі екенін атап өтіп, барлық аудан, қала әкімдеріне индикаторлардың уақытылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
— Жұмыспен қамту – басты бағдар. Әсіресе тұрақты жұмысқа орналастыру жұмыстары күшейтілуі тиіс. Қосымша инвестициялар тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу – біздің ортақ міндетіміз. Сондай-ақ 2021–2025 жылдарға арналған даму жоспарының орындалуы толық қамтамасыз етілуі қажет, – деді Нұралхан Әбдісабитұлы.
Сонымен қатар облыс әкімі Отбасын қолдау орталықтарының ашылу барысын жеделдетуді тапсырды. Бұл орталықтар отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға, психологиялық, құқықтық және әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған.
— Мемлекет басшысы әр аудан мен қалада мұндай орталықтарды құруды тапсырған болатын. Сондықтан әкімдер нақты шара қабылдап, осы орталықтардың жұмысын жүйелеуі қажет, – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, жұмыспен қамту бағытында өңірде бірқатар жобалар жүзеге асуда. Биыл білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік саладағы жаңа нысандарға мамандар тарту мақсатында тұрақты жұмыс орындарын ашу жоспарланған. Сондай-ақ, субсидияланған жұмыс орындары арқылы тәжірибе жинақтаған азаматтар үшін де тұрақты жұмыспен қамту тетіктері қарастырылған.
Түркістан облысы әкімдігі бұл бағыттағы жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстап, әрбір тұрғынның еңбекке араласуына жағдай жасауды көздеп отыр.