АРЫС ҚАЛАСЫ ӘКІМІ КЕЗЕКТІ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУЫ ӨТКІЗДІ

0

Бүгін қала әкімі Қайсар Маңқараев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларына қатысты түйткілді сұрақтарын тыңдады. Қабылдау алдын ала бекітілген кестеге сәйкес ұйымдастырылып, оған 50-ден астам тұрғын қатысты. Әрбір азамат өзінің күнделікті өмірінде кездесіп жүрген өзекті мәселелері мен ұсыныстарын ашық түрде жеткізді.

Қабылдауға келген азаматтардың сауалдары негізінен инфрақұрылымға байланысты болды. Атап айтқанда, ішкі көшелердің жөнделуі, көше жарығының орнатылуы, ауыз су жүйесінің сапасы мен үздіксіздігі, жаяу жүргіншілер жолының қажеттілігі сынды сұрақтар жиі көтерілді. Сонымен қатар, тұрғын үй кезегі, баспана мәселесі, мүгедектігі бар жандарға көмек көрсету, зейнеткерлер мен көпбалалы отбасылардың әлеуметтік жағдайы, сондай-ақ заңгерлік кеңес пен тұрақты жұмыспен қамтуға байланысты сауалдар да назардан тыс қалмады.

Қала басшысы әр тұрғынның өтінішін мұқият тыңдап, заң шеңберінде нақты жауаптар берді. Кейбір мәселе көтерген азаматтарға сол мезетте жауап берілсе, күрделірек түйткілдер бойынша жауапты сала жетекшілеріне тапсырмалар жүктеліп, мәселені мерзімінде шешу жөнінде тапсырма берілді. Қабылдауға қала әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары мен тиісті сала мамандары да қатысып, бірқатар өтініштер бойынша тікелей түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Азаматтарды қабылдау – билік пен халық арасындағы сенімді нығайтатын маңызды құралдардың бірі. Осыған орай қала әкімі тұрғындармен ашық диалогты әрі қарай да жүйелі түрде жүргізетінін атап өтті. Қала тұрғындарының мәселесін жергілікті жерде шешу, әрбір шағымның артында адам тағдыры тұрғанын ескере отырып, нақты жұмыстар жалғасатын болады. Қабылдауға келген тұрғындар өз тараптарынан ашық әрі шынайы қабылдау үшін алғыстарын білдіріп, айтылған мәселелерге жауап алуға мүмкіндік алғандары үшін ризашылықтарын жеткізді.

Advertisements