Вице-премьер Түркістан облысындағы «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасын жоғары бағалады

1

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары барысында өңірдегі өнеркәсіптік даму бағытындағы бірқатар ірі жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Атап айтқанда, вице-премьер Түркістан қаласындағы «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы аясында салынған өндірістік кешенді аралап, онда атқарылып жатқан жұмыстарды жоғары бағалады.

Сапар барысында Қанат Бозымбаев азық-түлік қоймасының жұмысымен танысып, өндірістік аймақта жүзеге асқан жобалармен егжей-тегжейлі танысты. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров вице-премьерге аймақта жүргізіліп жатқан инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалар жөнінде толық ақпарат беріп, өңірдің өнеркәсіптік әлеуеті артып келе жатқанын атап өтті.

Жұмыс сапары аясында Қанат Бозымбаев жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, олардың «Ауыл аманаты» жобасы аясында ашқан кәсіпорындарының өнімдерін тамашалады. Көрмеде ұсынылған өнімдердің қатарында сүт және балық өнімдері, консервіленген жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері, жартылай фабрикат ет өнімдері, ұлттық тағамдар (қазы-қарта), түйе сүті, Африка түйеқұсы еті, сондай-ақ жылыжай жобалары, өсімдік шаруашылығы, қолөнер бұйымдары мен музыкалық аспаптар (домбыра, қобыз), пластик жәшіктер мен жұмыртқа лотоктары болды. Бұл өнімдер – өңірде ауылдық кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың нақты жемісі.

Кәсіпкерлер вице-премьерге өз алғыстарын білдіре отырып, жобалар аясында туындайтын бірқатар өзекті мәселелерді де ортаға салды. Атап айтқанда, өнімді сертификаттау үдерісіндегі бюрократиялық кедергілер мен логистика мәселелері айтылып, бұл бағытта Үкімет тарапынан қолдау көрсету сұралды.

Екі жыл ішінде «Ауыл аманаты» жобасы аясында Түркістан облысына 22,8 млрд теңге бөлініп, соның арқасында 3 293 жоба қаржыландырылған. Бұл жобалар аясында 3 665 жаңа жұмыс орны ашылып, өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлік қарқынды дами бастады.

Өндірістік парк аясында іске қосылған бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысқан Қанат Бозымбаев олардың әлеуетіне оң баға берді. Атап айтқанда, «BNK GROUP» ЖШС және «Тұран су» мекемесінің су үнемдеу технологияларын өндіретін зауыттары назар аударуға тұрарлық. «BNK GROUP» зауытында 40 адам жұмыс істейді, ал жылдық қуаты – жаңбырлатып суару технологиясы бойынша 50 мың гектарға, тамшылатып суару бойынша 14 мың гектарға есептелген. «Тұран су» мекемесінің зауыты 2024 жылы іске қосылып, қазіргі таңда 25 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл кәсіпорындар ауыл шаруашылығында су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне үлес қосуда.

Сондай-ақ вице-премьер «Ақниет Holding» жиһаз зауытына барды. Бұл өндіріс ошағы жылына 24 мың мектеп партасын, 17 мың кеңсе және 17 мың медициналық жиһаз шығаруға қабілетті. Зауытта 80-нен астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Бұдан бөлек, «JASYL SUYQ QAZAQSTAN» ЖШС-нің тоңазытқыш және мұздатқыш құрылғыларын өндіретін зауытына да арнайы барды. Бұл зауытты украиналық «UBC Group» компаниясы инвестициялап ашқан. Мұнда 350 адам еңбек етуде. Жылдық өндіріс қуаты – 40 000 мұздатқыш құрылғы. Бұл кәсіпорын Қазақстандағы салқындату технологиялары саласының дамуына үлкен серпін беруде.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, өңірде инвестициялық жобаларды дамыту мақсатында 30 гектар аумақта 3 кезеңнен тұратын өндірістік парк салынуда. Құрылысы жүріп жатқан бұл парк 39 ғимаратты қамтиды. Жобаның жалпы құны – 17 млрд теңге болса, оған тартылатын инвестиция көлемі – 131 млрд теңге. Жоба толық жүзеге асқанда 1 450 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

Үш кезеңнің іске асырылу барысы:

  • Бірінші кезеңде (2024 жыл): 31 млрд теңгенің инвестициясы тартылып, 10 ғимараттың құрылысы аяқталды, 8 өндіріс іске қосылды.

  • Екінші кезеңде: 13 ғимараттың құрылысы жүргізілуде.

  • Үшінші кезеңде: 16 ғимарат пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Болашақта бұл өндірістік парк 100 гектарға дейін кеңейтіліп, 150-ден астам өнеркәсіптік ғимарат бой көтермек. Жалпы құны 308 млрд теңгені құрайтын бұл ауқымды жобаның нәтижесінде 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде өңір экономикасының дамуына, халықтың әл-ауқатының артуына үлкен әсер етпек.

Жұмыс сапары қорытындысында Қанат Бозымбаев облыста өнеркәсіпті дамыту бағытында жүйелі жоспарлар жасалып жатқанын атап өтті. Ол кәсіпорындар ашу мен өндірісті кеңейту мәселесін басты назарда ұстау қажет екенін айтып, жергілікті билік пен кәсіпкерлерге нақты тапсырмалар берді. Вице-премьер Түркістан облысында жүзеге асып жатқан «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасын үлгілі жоба ретінде жоғары бағалап, бұл тәжірибені өзге өңірлерде де қолдануды ұсынды.

Advertisements