ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ИНВЕСТИЦИЯ МЕН ӨЗІНДІК КІРІС КӨЛЕМІ АРТТЫ

1

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында Қазақстан экономикасын әртараптандыру және инвестиция тарту көлемін ұлғайтудың маңыздылығын бірнеше рет атап өткен болатын. Осы тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында Түркістан облысында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілуде.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, өндірістік әлеуетті күшейту, өзіндік кірістерді арттыру және шетелдік инвестицияларды тартуға ерекше назар аударылуда. Осы мақсатта Түркістан өңірінен шет мемлекеттерге бірқатар іссапарлар ұйымдастырылып, нәтижесінде маңызды экономикалық ынтымақтастықтарға қол жеткізілді.

Инвестициялық форум – жаңа серпіннің бастауы

2024 жылы Түркістан қаласында өткен халықаралық инвестициялық форум өңір үшін елеулі оқиға болды. Форум аясында жалпы құны 301 млрд теңгені құрайтын 35 меморандумға қол қойылып, өңірдің инвестициялық тартымдылығы арта түсті. Бұл құжаттар аясында бірқатар ірі өндірістік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр.

Жалпы алғанда, 2024 жылдың алғашқы кезеңінде өңірге 1 334,9 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш бойынша нақты көлем индексі 137,4 пайызды құрады. Бұл – Түркістан облысы экономикасының дамуы мен инвесторлар сенімінің артқанының айқын дәлелі.

Өндіріс саласында өсім байқалады

Өңірде өнеркәсіптік өндіріс қарқыны да артып келеді. Атап айтқанда:

  • Тамақ өнімдерін өндіру76,3%-ға өсіп, 25,8 млрд теңгені құрады;

  • Металл кендерін өндіру45,2%-ға артып, 205 млрд теңгеге жетті;

  • Тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу49,3%-ға ұлғайып, 221,8 млрд теңгені құрады.

Бұл көрсеткіштер өндірістік саланың дамуы мен ішкі нарықтағы сұраныстың өсуін көрсетеді.

Инвестициялық пул жобалары – жаңа жұмыс орындары

2024 жылы жалпы құны 126 млрд теңгені құрайтын 56 инвестициялық пул жобасы жүзеге асырылды. Бұл жобалар арқылы өңірде 2300 жаңа жұмыс орны ашылып, халықтың жұмыспен қамтылуы мен табысты болуына оң ықпал етті. Бұл – әлеуметтік тұрақтылық пен экономикалық өсімнің нақты көрсеткіші.

Өзіндік кіріс көлемі артып келеді

2023 жылы Түркістан облысының жалпы бюджеті 1 562,8 млрд теңгені құрады. Оның ішінде өзіндік кірістер 253,1 млрд теңгеге жетіп, жоспар 107,8%-ға орындалды.

2024 жылға салықтық түсімдердің жоспары 175,7 млрд теңге болып бекітілсе, нақты түсім 192,2 млрд теңгеге жетіп, жоспар 109,4%-ға орындалды. Бұл көрсеткіш бойынша бюджетке жоспардан тыс 16,5 млрд теңге артық қаржы түсті. Сонымен қатар, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда түсім 28,9%-ға артқан (2023 жылы – 149,1 млрд теңге).

Салықтық емес түсімдер де оң қарқынмен өсіп келеді. 2024 жылға арналған жоспар 35,6 млрд теңгені құраса, нақты түсім 37,6 млрд теңгеге жетіп, жоспар 105,4%-ға орындалған.

Бұл деректер Түркістан облысы экономикасының тұрақты дамып келе жатқанын және қаржылық тәуелсіздікке қарай нық қадам басып келе жатқанын көрсетеді.

Advertisements