АРЫСТА «КІТАП ОҚУ – ТҰЛҒА БИІГІНЕ БАСПАЛДАҚ» АТТЫ КІТАП КӨРМЕСІ ӨТТІ

1

Қоғамдық сананы жаңғырту, рухани мәдениетті дамыту, әрі кітап оқуға құштарлықты арттыру – бүгінгі күннің өзекті міндеттерінің бірі. Осы орайда Арыс қаласының әкімдігі мен қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесі бірлесіп «Кітап оқу – тұлға биігіне баспалдақ» атты мазмұнды көрме ұйымдастырды. Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Ерғали Омарұлы, әкім аппаратының басшысы Талғат Анашбеков, сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлер мен кітапханашылар, зиялы қауым өкілдері мен оқырмандар қатысты.

Бұл кітап көрмесі – жай ғана әдебиеттер тізбесі емес, рухани құндылықтарды насихаттаудың, қоғамға ой салудың нақты қадамы болды. Шара барысында кітапхана ұжымы қатысушыларға әр жанрдағы жаңа туындыларды, көркем және ғылыми әдебиеттерді, жергілікті авторлардың шығармаларын, сондай-ақ жастарға арналған мотивациялық кітаптарды таныстырды. Сонымен қатар, көрменің бір бөлігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға арналды. Бұл бөлімде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық «Ана тілі» газетіне берген сұхбатынан үзінділер мен осы тақырыптағы өзекті мақалалар ұсынылды.

Көрме мазмұны бірнеше бағыт бойынша жүйеленіп қойылды:

1. «Көркем шығарма – әдебиеттің құндылығы» бөлімі – бұл алаңда еліміздің әдеби мұрасын насихаттау мақсатында мерейтой иелерінің еңбектері мен «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы шеңберінде таңдалған жыл кітаптары ұсынылды. Бұл бастама көпшілікке әдебиетті жаңа қырынан ұғынуға мүмкіндік берді.

2. «Өлке әдебиеті мен өнер майталмандары» бөлімі – бұл бөлімде Арыс қаласынан шыққан танымал ақын-жазушылардың, өнер қайраткерлерінің еңбектері қойылды. Мұндағы мақсат – жастарға туған өлке таланттарын таныстыру, олардың еңбегі арқылы отансүйгіштік сезімдерін ояту, шығармашылыққа деген қызығушылығын арттыру болды.

3. «Кітап – өткеннің ізі, болашақтың негізі» бөлімі – бұл сөреде жаңа заман талабына сай шыққан әдебиеттер, қазіргі жастар арасында кең сұранысқа ие мотивациялық шығармалар, кәсіптік даму мен өзін-өзі жетілдіруге арналған кітаптар ұсынылды. Көрмеге қойылған әр кітап – тұлғалық дамуға жол ашатын қазына ретінде бағаланды.

Кітапханашылар қатысушылармен ашық диалог құрып, әр кітаптың мазмұнын, тәрбиелік мәнін қысқаша таныстырып өтті. Әсіресе, мемлекеттік қызметкерлер арасында кітап оқуға қызығушылық тудыру – іс-шараның басты мақсатының бірі болды. Себебі, сауатты, рухани бай және ой-өрісі кең қызметкер – ел дамуының кепілі.

Мұндай көрмелердің тәрбиелік, танымдық мәні өте жоғары. Себебі қазіргі жаһандану дәуірінде ақпараттық технологиялар күннен күнге дамып, адамдардың кітап оқуға деген уақыты қысқарып, назары басқа бағыттарға ауа бастаған. Дегенмен де, дәл осындай рухани іс-шаралар арқылы кітап оқуға деген қызығушылықты қайта жандандыру – кітапхана қызметкерлерінің, мәдениет майталмандарының басты міндеті екені сөзсіз.

Арыс қаласының орталық кітапханасы бұған дейін де бірқатар рухани-ағартушылық бағыттағы жобаларды жүзеге асырған. Мысалы, «Ақынмен кездесу», «Жас қалам», «Кітап оқимыз бірге» атты клубтар мен форматтар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл жолғы көрме – соның заңды жалғасы.

Іс-шара соңында қала әкімінің орынбасары Ерғали Омарұлы мен кітапхана басшысы сөз сөйлеп, кітапхана ұжымына алғыстарын білдірді. Олар осындай игі істердің жалғасын табу керектігін айтып, кітап – білім бастауы, мәдениет мәйегі, ұлттың рухани тірегі екенін атап өтті.

Көрмеге келген әрбір оқырман өзіне қажетті мағлұмат алып, әдебиетке деген қызығушылығын арттырып қайтқаны анық. Бұл – рухани тәрбиенің, мәдени серпілістің нақты көрінісі. Арыс қаласының кітапханасы алдағы уақытта да осы бағыттағы мазмұнды жұмыстарын жалғастыра беретінін жеткізді. Себебі, кітап оқуды насихаттау – болашаққа жасалған ең берік инвестиция.

Advertisements