Түркістандықтар вакцинаның І компонентін толық қабылдап бітті

524

Түркістан облысы екпе салдыру көрсеткіші бойынша үздік үштік қатарында. Өңір эпидемиологтарының зерделеуіне сәйкес, жаппай вакцина алудың арқасында коронавирус инфекциясын жұқтырған азаматтар ауруды жеңіл өткеріп, қайғылы жағдайлар санын азайтуға айтарлықтай септігін тигізуде. Облыста Covid-19 инфекциясына қарсы вакцина салдыруға жататын азаматтардың саны — 1 046 130. Деректерге сәйкес, елімізде вакцина салдыру науқаны басталған 2021 жылдың ақпан айынан бүгінгі күнге дейін түркістандықтар вакцинацияның І компонентімен толық қамтылды. Сондай-ақ вакцинаның ІІ компонентін алған тұрғындар саны 1034440 құрады.

Дегенмен жоғарыдағы көрсеткіштер карантин талаптарын сақтамауға болады дегенді білдірмейді. Себебі 15-қаңтар күнгі эпидемиологиялық бағалау матрицасы бойынша Түркістан облысы «жасыл» аймақтан «сары» аймаққа енді. Өңірдің медицина мамандары мен эпидемиологтары тұрғындарды ревакцинациялануға шақырады.

Мамандардың айтуынша, кейбір вакциналардың белгілі бір уақыт өткенде күші қайтуы себепті, вакцинаның екі компонентін салдырғаннан кейін арада 6 ай өткенде коронавирусқа қарсы вакцинаны қайта салдыру ұсынылады. Ревакцинациялау 1 ғана дозамен жүргізіледі. Түркістан облысында ревакцинация алғандар саны 58 809-ды құрады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Advertisements