ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА КАЛИФОРНИЯ ШЫЛАУШЫНЫН ӨСІРУШІЛЕР КӨБЕЙДІ

190
Ордабасы ауданы, Бөржар ауылдық округіне қарасты Қайнар елді мекенінде аудан шаруаларына биогумус органикалық тыңайтқышын өндірудің қыр-сырын үйретуге арналған семинар-кеңес өтті. Калифорния шылаушыны арқылы биогумус өндіруді үйреткен кездесуге Алматы, Ақтөбе қалалары мен облысымызға қарасты барлық аудан-қалалардан, ауылдық округтен 100-ден астам шаруа қатысты. Бұл бастама Ордабасы ауданыың әкімі Бағлан Батыршаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылды.
Кездесуде сала мамандары биогумус бизнесі бойынша тәжірибемен бөлісіп, қатысушыларға кәсіпті қалай бастау керектігін егжей-тегжейлі баяндап, оның қыр-сыры бойынша толық ақпарат берді.
– Жұмыспен қамту орталығы арқылы берілетін грант алушыларға осы жобаны енгізіп, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және облыс деңгейінде пилоттық жоба ретінде жүзеге асыруды ұсынамыз, – дейді аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Фатима Қайымқызы.
Бүгінде биогумусқа қажетті шикізат ауыл тұрғындарының ауласынан көптеп табылады. Енді соны кәдеге жаратып, төрт түліктің көңіне шылаушын қосып, қарашірікке, яғни, органикалық тыңайтқышқа айналдыру арқылы егістік жердің құнарын арттыруға болады. Жердің құнарлығы артып, ол 3 жылға сақталады. Бұл бірінші кезекте шеттен келетін химиялық тыңайтқыштарға тәуелділікті азайтады.
Қазіргі таңда аудан көлемінде 15-ке жуық азамат осы шаруашылықпен айналысып жатыр. Аудан әкімінің тапсырмасына орай болашақта бұл кәсіп түрін барлық ауыл, елді мекендерде жүзеге асыру көзделіп отыр. Ордабасы ауданы Бөржар ауыл округі, Қайнар елді мекенінде жеке кәсіпкер Бақытжан Әсембеков Калифорния қызыл құрттарының басын көбейтіп, биогумус өнімін, яғни, органикалық таза тыңайтқыш өндіруде. Калифорния қызыл құрттарының өмір сүру ұзақтығы – 15 жыл. Өте төзімді әрі тез көбейеді, өсімтал. Кез келген адам үй ауласында өсіре алады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Advertisements