“ОРДАБАСЫ ЕЛІНЕН — ТҮРКІСТАН ТӨРІНЕ” АТТЫ МӘДЕНИЕТ КҮНДЕРІ ӨТІП ЖАТЫР

307
Өткен аптада бастауын алған “Түркістан — Түркі әлемінің жүрегі” атты облыстың аудан, қалаларының мәдениет күндерін Ордабасы ауданының өнерпаздары жалғады.
15 сәуірде ордабасылық өнерпаздардың концерттік бағдарламасы шаһар көрермендеріне ұсынылды. “Керуен Сарай” кешеніндегі “Алтын самұрық” ғимаратының алдында Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы облыстық спорт мұражайы күш атасының өмір белестерінен сыр шертетін музей экспонаттарын көрермен назарына ұсынды. Түркістан жұрты өткен тарихтан тағылымы мол мағлұмат алып, тұлғаның бай мұраларына қанықты. Сондай-ақ іс-шара барысында қазақ даласының біртуар перзенті туралы кітаптар жиынтығы мен ағаштан ойылған қолөнерлер бұйымдар көрмеге қойылды.
Өнер ұжымдары әзірлеген бағдарламалар аясында жарамазан айтылып, ардагер, аяулы аппақ әжелеріміздің күмістей сыңғырлаған әуезді әндері ежелгі қала аспанын әлдилей түсті. Ауданның жасөспірімдер театрының сахналық қойылымы, ұлттық аспапта орындалған әсем ән мен тәтті күй жиналған жұртты тәнті етті.
Мерекелік кешке аудан әкімінің орынбасары Қыдырбай Сейтқұл, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ораз Есқараев және қоғам белсенділері мен қала қонақтары қатысты.
Іс-шаралар барысында азық-түлік пен көкөністер жиынтығы сыйлық ретінде қала тұрғындары мен қонақтарына тарту етілді. Қолданбалы өнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі, Өлкетану мұражайы жәдігерлері мен ақын-жазушылардың кітап көрмесі, “Ордабасы” фольклорлық ансамблі мен “Арай” аспапты ансамблінің концерті қала тұрғындарына ұсынылса, ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесінен қалалықтар өздеріне қолжетімді бағада аудан өнімдерін сатып алды.
Ертең, яғни 17 сәуір күні сағат 20.20-да “Керуен сарай” кешенінде Ордабасы ауданы мәдениет күндерінің қорытындысы ретінде танымал өнер шеберлерінің қатысуымен жергілікті сазгер Мұхан Байбосыновтың “Жасай бер, Түркістаным” атты шығармашылық ән кеші өтеді.
Естеріңізге сала кетейік, “Түркістан — Түркі әлемінің жүрегі” атты мәдениет күндері әр аптаның жұма-жексенбі күндері қаладағы мәдениет ошақтарында өтіп тұрады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Advertisements