ШАРДАРАДА ӨТКЕН ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫНДА ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ СПОРТШЫЛАРЫ ТОП ЖАРДЫ

218
Түркістан облысы, Шардара ауданында гір спортынан жеткіншектер, жасөспірімдер, жастар және ардагерлер арасында тұңғыш рет Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Сайысты Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, Шардара ауданы әкімдігі және Түркістан облыстық N4 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ұйымдастырды. Сонымен бірге Шардара аудандық жекпе-жек спорт түрлерінен спорт клубы, Шардара аудандық күш спорт түрлерінен спорт клубы да жарысты өте жоғары деңгейде өткізе білді.
Үш күнге созылған жарысқа республикамыздың барлық қалалары мен облыстарынан командалар қатысып, жарыстың өз деңгейінде қызықты әрі тартысты өтуіне бар күш-жігерлерін салды. Ел чемпионатында өз қарсыластарын басып озған Түркістан облысының спортшылары 16 алтын медальмен бірінші орынға шықты. Жарыстың үздік спортшысы болып Түркістан облысы, Шардара ауданының өрені Байдуллаев Бағжанға танылды.
Командалық есепте бірінші орынды Түркістан облысының спортшылары еншілесе, екінші орын — Қостанай, үшінші орын — Солтүстік Қазақстан облысы құрамаларына бұйырды.
Барша жеңіс тұғырынан көрінген спортшылар және жаттықтырушылары ұйымдастырушылар дайындаған медаль, грамота және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Advertisements