ТҮРКІСТАНДА НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІНЕ ОРАЙ СЕНБІЛІК ҰЙЫМДАСТЫРЫЛЫП, АҒАШ КӨШЕТТЕРІ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

243
Бүгін Түркістанда Наурыз мерекесіне орай, облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен сенбілік өтті. Тазалық шарасы аясында қала аумағында ағаш көшеттері отырғызылды.
Игі шараға облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев бастаған мекеме ұжымы мен басқармаға қарасты «Қоғамдық келісім», «Жастар ресурстық орталығы», «Ақпараттық талдау орталығы» КММ-лері қызметкерлері және өңірдегі этномәдени бірлестік пен үкіметтік емес ұйым өкілдері, Түркістан қалалық әйелдер кеңесінің мүшелері, еріктілер белсене қатысты. Сенбілікке қатысушылар көше бойын қалдық қоқыстардан тазартып, егілген ағаш көшеттерін күтіп-баптады.
Игі іс-шараға келіп, ағаш отырғызған басқарма басшысы Аңсар Өсербаев Наурызда ағаш отырғызуды ежелден халқымыз игі дәстүрге айналдырғанын еске салып, барша тұрғындарды Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамымен құттықтады.
– Көктем келе айналамызды тазартып, жыл басына дайындаламыз. Тал егіп, бұлақ көзін ашамыз. Наурыз мерекесіне орай өтіп жатқан бұл сенбіліктің қоршаған ортаны сақтауға қосар үлесі мол. Бүгінде жаңарған Түркістан қаласының жасыл желегі ұлғайып, саябақтар қатары артып келеді. Бұл ретте, өскен ортамызды абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына атсалысу әрбір тұрғынның азаматтық ұстанымы болуы тиіс. Жалпы өзің тұрып жатқан жердің тазалығына үлес қосу – туған жерге деген қамқорлықтың бір белгісі, – деді басқарма басшысы.
Сенбілік барысында Түркістан қаласындағы әуежайға барар жолда орналасқан жасыл белдеу аймағында жалпы 200-ге жуық қарағаш, шырша, т.б. ағаш көшеттері отырғызылды. Осылайша, іс-шараға қатысушылар Мемлекет басшысының орман алқаптарында 2 млрд. ағаш отырғызу туралы тапсырмасын орындауға өз үлестерін қосты.
Тазалық акциясының соңында аға буын өкілдері жастарға ақ батасын беріп, табиғат жанашырларына “Наурыз” кәдесыйлары тарту етілді.
Айта кетейік, өңірде тазалық, көгалдандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.
Advertisements