Үкіметте медициналық және фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту мәселесі қаралды

314

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында медициналық және фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту мәселелері қаралды.

Бұл тақырыпта баяндама жасаған денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният фармацевтика саласында өндіріс көлемінің өскенін атап өтті. 2021 жылы фармацевтика өнеркәсібі оң серпін көрсетті, бұл орайда фармацевтикалық өнімнің көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 123,9%-ды құрайды.

Денсаулық сақтау министрлігі басшысының айтуынша, өсім «Химфарм» АҚ, «Нобель АФФ» АҚ, «Абди Ибрагим ГлобалФарм» ЖШС, «Келун-Казфарм» ЖШС өндірістік алаңдарында дәрілік заттар өндірісі көлемінің арутымен байланысты болды.

Өз кезегінде Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін фармацевтика нарығындағы отандық өндірістің үлесін 50%-ға дейін жеткізу міндетін алға қойғанын атап өтті.

Премьер-Министр бірыңғай фармацевтикалық дистрибуция жүйесі енгізілгеннен бері қазақстандықтарды дәрімен қамтамасыз етуге, еліміздің фармацевтика саласының тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған жобалар сәтті іске асырылып жатқанын айтты.

Үкімет басшысының пікірінше, ұзақ мерзімді шарт жасасу арқылы көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, отандық өндірушілерді экспортқа шығуға да ынталандыруы тиіс.

Қазақстандық өнімнің жаһандық нарықтарға шығуына жәрдемдесу мақсатында жауапты мемлекеттік органдар республикаға Big Pharma сияқты әлемдік фармацевтикалық өндірушілерді тарту мәселесін пысықтауы қажет.

«Отандық өндірушілер озық технологияларды алып келіп, бірегей, инновациялық препараттарды өзімізде шығару үшін өнімнің сапасына баса мән беруі қажет. Қазақстан өз азаматтарын өзімізде шығатын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуі тиіс», — деді Әлихан Смайылов.

Бұл орайда дайын өнімдермен қатар, фармацевтикалық компоненттер мен субстанцияларды жасап шығару қажет. Отандық өндірушілер үшін фармацевтикалық нарықтың бұл саласының келешегі бар.

Аталған шаралардың барлығы өзектендірілген Фармацевтика және медицина өнеркәсібін дамытудың кешенді жоспарында көрініс табуы тиіс.

Премьер-Министр өзімізде шығарылатын дәрілер мен медициналық бұйымдардың үлесін арттыру еліміздің дәрілік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кепілі екенін атап өтті.

Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігіне мынадай тапсырмалар берілді:

– бірыңғай дистрибьютормен бірлесіп, Қазақстанда дәрілік заттар өндірісін толық локализациялау, олардың номенклатурасын кеңейту бөлігінде ұзақ мерзімді жеткізу шарттарын бекіту критерийлерін жетілдіруді пысықтау;

– Қазақстанда өндірісті жолға қою үшін Big Pharma-ның ішінен ірі трансұлттық компанияларды тарту жұмыстарын жандандыру;

– өзектендірілген Фармацевтика және медицина өнеркәсібін дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарының жобасын Үкімет қарауына енгізу.

Сөз соңында Әлихан Смайылов денсаулық сақтау саласының барлық қызметкерлерін алдағы кәсіби мереке – Медицина қызметкері күнімен құттықтады.

Advertisements