Ә. Смайылов телефон алаяқтығының жиілеп кеткеніне назар аударып, банк деректерін қорғауды күшейтуді тапсырды

244

Сейсенбі, 28 маусымда, Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің кезекті отырысында мемлекеттік қызмет көрсету саласын цифрландыру және IT саласын дамыту мәселелері қаралды.

ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Министрдің айтуынша, бизнес процесстердің реинжинирингі мемлекеттік қызметтердің жаңа тізімін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, цифрлық мемлекеттік қызмет түрлерінің саны 1300-ден асып кетті.

Бүгін электрондық қызметтер саны бойынша, жалпы оң өзгерістер байқалады. Сонымен қатар EGov Mobile мобильдік қосымшасында да электронды қызметтерді пайдалану 2 есе өсті. Бұдан бөлек, статистикалық  мәліметтерге сәйкес цифрлық сервистер азаматтар арасында кең сұранысқа ие.

«Мәселен, цифрлық құжаттар осы жылдың 5 айы ішінде 6 млн-нан астам валидацияланғанын атап өткен жөн. Жалпы бұл мемлекеттік органдар мен мекемелердің цифрлық құжаттарды кеңінен қолдануын растайды», — деді ведомство басшысы.

Бағдат Мусиннің айтуынша, жыл соңына дейін ең танымал 20 мемлекеттік қызметті сыртқы платформаларға шығару жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Kaspi.kz басшысы және негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе мен «Террикон алқабы» IT-Hub-ын дамыту жөніндегі директоры Александр Дорошенко баяндама жасады.

Kaspi банкінің басқарма басшысының айтуынша, 2021 жылы 7 млн-нан астам қазақстандық Kaspi.kz қосымшасында Мемлекеттік қызметтер бөлімін пайдаланған. Әрбір үшінші автомобиль онлайн тіркеуден өтеді, 2021 жылы 286 мың автокөлік тіркелді. Сондай-ақ М. Ломтадзе банк өнімдері арқылы кәсіпкерлік қауымдастықпен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

Өз кезегінде Александр Дорошенко ІТ-Hub-тың Қарағанды облысында IT компаниялар қызметкерлерінің санын қазіргі үш мыңнан он мың адамға дейін бес жыл ішінде ұлғайту жөніндегі алдағы жоспарлары, TechGarden, Astana Hub және облыс әкімдігінің қолдауымен қызмет түрі бойынша топтастырылған IT&DIGITAL жобалар картасын жасау және өнеркәсіптік технологиялар саласында акселератор өткізу туралы айтып берді.

Талқылауды қорытындылай келе, Үкімет басшысы өткен жылы цифрлық форматта көрсетілген мемлекеттік қызметтер санының екі есе өскенін атап өтті. Жалпы бүгінгі күні электрондық форматтағы қызметтердің деңгейі 93%-ды құрайды. Ал, қызметтердің 66%-ын азаматтар кәдімгі смартфон арқылы алып отыр. 18 құжат түрі цифрлық форматта беріледі, яғни оларды қағаз жүзінде растаудың қажеті жоқ.

«Электрондық қызметтер мен базалардың интеграциясы азаматтардың өмірін жеңілдетуге мүмкіндік берді. Олар мемлекеттік органдардың есігін тоздырып, қағазбастылыққа салынып, әуреге түспейді. Бұл жұмысты әрі қарай кеңейту қажет», — деді Ә.Смайылов.

Сонымен қатар Үкімет басшысы елімізде электрондық форматтағы банктік қызмет түрлері жақсы дамып келе жатқанын атап өтті. Азаматтарға ыңғайлы болуы үшін банктік қосымшаларда мемлекеттік қызмет сервистері енгізілуде. Оларда ең жоғары деңгейдегі заманауи қорғау тәсілдері, биометрия қолданылады.

Сондай-ақ Премьер-Министр банктер алаяқтық жағдайлардың жиілеп кеткеніне барынша назар аударып, клиенттердің деректерін қорғауды күшейтуі қажет екенін атап өтті.

«Жалпы отандық ІТ-саланы дамыту, қазақстандық электрондық өнімдерді әзірлеу бағытында белсенді жұмыс жүргізу және оларды қолдану аясын кеңейту қажет. Біз инновациялық шешімдерге, оның ішінде халыққа электрондық қызмет көрсету саласына қашанда қолдау көрсететін боламыз», — деді Ә.Смайылов.

Сонымен қатар Министрлер кабинетінің басшысы назар аударатын бірқатар мәселелердің бар екенін атап өтті.

Кейбір министрліктерде қызметтерді электрондық форматта алу мүмкін емес. Оның ішінде, АШМ, ғылым және жоғары білім, ИИДМ, ДСМ және Қорғаныс министрліктері бар. Сондай-ақ Сыртқы істер министрлігі бойынша қызметтерді автоматтандыру деңгейі төмен.

Осыған орай ҚР ЦДИАӨМ аталған мемлекеттік органдармен бірлесіп, 3 ай мерзімде қолжетімсіз мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіруі тиіс.

Бұдан басқа, Орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге деректерді үнемі жаңартып тұруды, ақпараттық жүйелердің тоқтаусыз жұмыс істеуін және олардың уақытылы интеграциялануын қамтамасыз ету міндеті қойылды.

Advertisements