ЕЛ ҮДЕСІНЕН ШЫҚҚАН ЖОЛДАУ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына өзінің кезекті Жолдауын арнады. Мұны біз үлкен ықылас қойып тыңдап шықтық. Президент бұл жолы елдің экономикалық-әлеуметтік дамуына қатысты бірнеше мәселеге ерекше ден қойды. Ол өз сөзінде Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырмағандығын айтты.
Президент бірінші бағдар ретінде жаңа экономикалық саясатты ұсынды. “Бірінші бағдар – жаңа экономикалық саясат. Біз экономикамызда қордаланған мәселелерді жақсы білеміз. Мысалы, шикізатқа әлі де тәуелдіміз. Еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз. Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ. Әрине, мұның барлығы – күрделі мәселелер. Бірақ, оны шешудің нақты жолдары бар”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы елдегі шағын және орта бизнесті өрістетуге, жер телімдерін ұтымды пайдануға қатысты, салық, шаруаларға субсидия төлеу мәселелері туралы тың жобаларды іске асыру жөнінде өз ұсынысын айтты.
Әрине, ел ішінде толып жатқан мәселе бар. Соның бірі- жол мәселесі. Бұл жолғы Жолдауында Қ.Тоқаев ішкі жолдарды қалпына келтіру туралы мәрмен берді. Президент 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың 95%-ін жақсартуды тапсырды.
Мұны Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алатын болды. Жол құрылысындағы заңсыздықтар анықталмақ. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керекгін айтты мемлекет басшысы. Ол елде битум тапшылығына назар аударды. Бұл расында ірі көлемде мұнай өндіретін ел үшін, тіпті, ұят жағдай. Үкімет осы мәселені түбегейлі шешуге тиіс.
Жалпы, Қ.Тоқаев бұл жолғы өзінің Жолдауында елді одан әрі дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыруға қатысты бірқатар ауқымды шараны жеделдетіп қолға алу керектігін баса айтты. Ендеше, маңызды құжат жаңа Қазақстанды құрудағы ең басты алғашарт болмақ. Ел осыған сенім артады.
Тәңірберген Әсіл,
қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы