АРЫСТА 62 ЖОБА ҚАРЖЫЛАНДЫРЫЛДЫ

646

«Túrkistan» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» КММ «Бір терезе» қағидасы аясында Арыс қаласына 62 жобаны қаржыландырды. Бүгінде әкімдік жанындағы Кәсіпкерлік мектебі ғимаратында орналасқан кеңседе кәсіп бастаушы немесе дамытушы тұрғындарға «Бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсетіліп келеді. («Бір терезе» қағидасы – мемлекеттік қызмет көрсетуде құжаттарды жинау мен дайындауда азаматтардың аз қатысуын және қызмет көрсетушілермен тікелей байланысын шектеуді көздейтін орталықтандырылған мемлекеттік қызмет көрсету нысаны болып табылады).

Аталған орталықтың негізгі қызметтері:
– Кәсіпкерлердің мемлекеттік қолдау шаралары мен қаржыландыру көздеріне уақтылы қол жеткізуіне көмек көрсету;
– Жобаларды сүйемелдеу кезінде кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдайлар жасау;
– Бизнес жоспарды құру, құжаттарды жедел жинау және қаржы институттарына тапсыру, сондай-ақ, жобалардың іске асуына мониторинг жүргізу;
– Жер учаскесіне мемлекеттік актіні қайта рәсімдеу;
– Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту;
– Жер учаскесінің мерзімін ұзарту, сатып алу;
– Құрылысқа рұқсат беретін хабарлама алу;
– Техникалық паспортты дайындау;
– Сәулет-жоспарлау тапсырмалары;
– Электр энергия желілеріне, газ, су желілеріне қосудың техникалық шарттарын алу.

Жалпы, 2022 жылдың қорытындысы бойынша орталықтағы консалтинг және жобаларды сүйемелдеу бөлімінде 1 223 кеңес беріліп, 96 бизнес-жоспар әзірленді. Нәтижесінде, 62 жоба тиісті қаржы институттары арқылы 298,4 млн теңге сомасымен қаржыландырылды. Ал енді оларға тоқтала өтсек:

• «Бизнестің жол картасы–2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында орталық көмегімен мақұлдау алған жобалар саны – 4:
– 2-5 миллион теңгеге дейін грант алу байқауы бойынша – 1 жоба;
– Екінші деңгейлі банк арқылы жеңілдетілген несие алу бойынша – 3 жоба;
• Көктемгі егін егу және күзгі жиын-терім жұмыстарын қаржыландыру бойынша – 5жоба;
• Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсы бойынша – 14 жоба;
• Субсидия бойынша – 20 жоба;
• Мал басын көбейту және ауыл шаруашылық техникасын алу мақсатында жеңілдетілген несие бойынша – 19 жоба.

Жобалардың экономикалық қызмет түрлерінің басым бағыты ауыл шаруашылығы техникасын алу, мал басын көбейту, егін бойынша және кәсіпті әрі қарай жүргізу болып табылады. Ал екінші деңгейлік банк арқылы айналым қаражатын алушылар, жер алуға конкурсқа қатысушылар санатына жатады.
Сонымен қатар, 2022 жылғы рұқсат құжаттарын рәсімдеу бөлімі бойынша 69 құжат рәсімделіп, заңдастырылды және 735 кеңес берілді.
«Бұл процестер негізінен сенімхат негізінде жүзеге асырылды. Соның ішінде тұрғын үйлік мақсаттағы қызмет саны 40 құжат болса, кәсіпкерлік мақсаттағы қызмет саны 29 құжат. Аталған қызметтердің бәрі де толықтай рәсімделіп тұрғындар мен кәсіпкерлерге берілді», – дейді «TÚRKISTAN» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» КММ Арыс қалалық бөлім басшысы Айнұр Маратқызы.

 

Advertisements