ҮКІМЕТТЕ СУ ТАСҚЫНЫ КЕЗЕҢІНЕ ДАЙЫНДЫҚ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ

336

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көктемгі су тасқынына дайындық шаралары қаралды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірдегі қазіргі жағдай мен жұмыс жоспарлары туралы баяндады. «2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралар кешені» Жол картасының аясында Түркістан облысына қатысты 20 іс-шара жоспарланған. Биыл жоспарланған іс-шаралардың барлығына қажетті қаржы қаралып, 32 шақырым арнаны түзеу, 15 шақырым жағаны бекіту жұмыстары жоспарлануда.

Желтоқсан-қаңтар айларында қардың көп түсуін және ылғал қорының жоғары көрсеткіштерін ескере отырып, 33 инженерлік іс-шарадан тұратын облыстық жоспар бекітілді. Сырдарияның бойында орналасқан елді мекендерде су басудың алдын алу мақсатында 100 шақырымға жуық қорғаныс дамбаларының жағдайы тексеріліп, 154 млн. теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары атқарылды.

Өзеннің бойына белгілер қойылып, судың деңгейі мен мұздың қалыптасу жағдайына күнделікті бақылау жүргізілуде. Сырдариядан басталатын каналдардың тоспалары алдын ала бекітілді. Құлақтандыру жүйесі дайындыққа келтірілді. Бұдан бөлек, төтенше жағдайлардың алдын алуға 2022 жылы бюджеттен 462 млн. теңге бөлініп, тасқын суды қауіпсіз өткізу үшін тиісті жұмыстар жүргізілді. 1200 шақырымнан асатын 680 арық пен каналдар қоқыстан тазартылып, 1 мың шақырымға жуық қашыртқы арналар механикалық тазартудан өткізілді. Таулы аймақтар мен қауіпті өзендер және су қоймаларға аэровизуалды шолу жұмыстары жүргізілді. Жалпы облыс аумағында 111 гидротехникалық нысан бар. Комиссиялық құраммен барлығына зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 12-сі жөндеуді қажет ететіні анықталған. Олардың басым бөлігі республикалық меншіктегі «ҚазСуШар» мекемесіне қарасты. Облыстық және жеке меншіктегілері де бар.

Республикалық меншіктегі «Шардара» су қоймасының толуы 77 пайызды құрады (3 997 млн. м3), өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артық су жиналған. Көксарайдың жалпы жобалық сыйымдылығы 3 млрд. текше метрді құрайды, бүгінге 34 пайызы толтырылды (1 млрд.м3). Су реттегішінің қазіргі жай-күйі 2 млрд. текше метрге жуық суды жинақтауға мүмкіндік береді. Аталған мәселелерді ескере отырып, қыс-көктем кезеңінде тиісті реттеу жұмыстары жүргізілуде.

– Қапшағай су қоймасында соңғы 10 жылда күрделі жөндеу жұмыстары атқарылмай, жыл сайын ақаулықтар пайда болуда. Былтыр күрделі жөндеу жұмыстары басталып, биылғы жылға 871 млн. теңге қарастырылды. Коммуналдық меншіктегі «Бөген» су қоймасына 2022 жылғы күзгі нақтылауда жергілікті бюджеттен 108 млн. теңге бөлініп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл коммуналдық меншіктегі «Ырмақ-Өзен», «Майдантал» су қоймаларының, Қараспан су торабының ағымдағы жөндеуіне 716 млн. теңге қарастырылды. Сондай-ақ «Бөген», «Майдантал», «Ащы» су қоймаларын күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 220 млн. теңге қаралды. Жеке меншіктегі 2 гидротехникалық нысанның («Шылбыр», «Сартөр» су қоймалары) иелерімен тиісті жұмыстар жүргізілді. Аталған бағыт бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда және тұрақты бақылауда, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өз баяндамасында.

Премьер-Министр биыл қыс қарлы болғанын және ауа райы күрт жылынып кетсе, су басу қаупі күшейетінін атап өтті. Қараусыз тұрған объектілердің иелерін анықтап, коммуналдық және жеке гидротехникалық құрылыстарды жөндеу шараларын әзірлеуді тапсырды. Су қоймаларындағы судың деңгейін анықтап, оларға тұрақты бақылау жүргізуді міндеттеді. Қажет болса, қауіпсіздікті сақтай отырып, ондағы суды алдын ала азайту шараларын қабылдауды айтты. Қорытындылай келе, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов су тасқынына қарсы барлық іс-шараларды, оның ішінде күштер мен құралдардың дайындығын үйлестіруді және сапалы іске асыруды қамтамасыз етуді, тиісті жедел штабтар құруды, сондай-ақ шекаралас мемлекеттермен судың шығыны және трансшекаралық өзендердегі қауіптің алдын алу туралы тұрақты түрде өзара мәлімет алмасуды ұйымдастыруды тапсырды.

Advertisements