Арыс қаласы әкімі рәміздер күнімен құттықтау

127

Қадірлі жерлестер!

Баршаңызды ел тарихындағы айтулы мерекелердің бірі – Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекеттік рәміздер – әр мемлекеттің тәуелсіздігін білдірумен қатар, тұтастыққа ұйыстыратын, бірлікке үндейтін айшықты белгілер.
Еркіндігіміздің Көк байрағы көкте желбіреп, Елтаңба төрде орнығып, Әнұран шырқала орындалғанда, ата-бабаларымыз сан ғасырлар аңсаған елдік қалпымызға шүкіршілік айтып, толқымайтын жан жоқ шығар.
Біздің тағылымды тарихымыздан сыр шертер мазмұны терең нышандарымыз кешегі өткенімізді айшықтап, ертеңгі мақсатымызды айқындап тұр. Түптеп келгенде рәміздердегі нышандар арқылы ұлтымыздың әлем алдындағы бейнесі қалыптасады.
Сондықтан, әрбір Қазақстан азаматы үшін мемлекеттік рәміздер – қастерлеу азаматтық борышы деп санаймын.
Ардақты ағайын!
Баршаңызды мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтай отырып, әрдайым ел іші мерекелі де берекелі, елтаңбамыз – еңселі, туымыз – тұғырлы, әнұранымыз – айбынды болсын деймін.
Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған мемлекеттік рәміздеріміз болашаққа бастаған ұлы көшімізді демеп, игі істерімізді қолдай берсін!
Бірлігіміз жарасып, еліміздің жарқын болашаққа бастар жолында нық қадам жасап, ынтымағы жарасқан ел болайық!
Әрдайым еліміз тыныш, халқымыз аман, рәміздеріміздің мәртебесі биік болсын!
Мереке құтты болсын!
Құрметпен,
Арыс қаласының әкімі
Гүлжан ҚҰРМАНБЕКОВА
Advertisements