БИЫЛ АҚДАЛАДА 240 ОРЫНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

188
Бүгін қала әкімі Гүлжан Құрманбекова Ақдала ауылы тұрғындарымен кездесу өткізді. Жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Биыл Ақдала ауылында 240 орынға арналған кітапхана мен мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, тұрғындар игілігіне беріледі.
«Ақдала, П.Арапов елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету үшін жобалық сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. 2024-2025 жылдары құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарлануда,» – деді қала әкімі Гүлжан Мамытқызы.
Қала басшысы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы туралы айтты.
«Менің тапсырмама сәйкес, «Ауыл –аманаты» бағдарламасын тұрғындарға түсіндіру, құжаттарды рәсімдеуге жәрдемдесу мақсатында жұмысшы топ құрылған. Сала мамандары ауыл әкімдігімен бірлесіп жан-жақты ақпарат беріп, 2,5 проценттік жеңілдетілген несиенің құжаттама жұмыстарына әрдайым көмек көрсетіп отыру керек,» – деді қала әкімі.
Аталған бағдарламаға Ақдала ауылы бойынша 10 жобаға 30,0 млн теңге көлемінде несие комитетінен оң қорытынды алынған. Тағы 11 жоба комиссия қарауына ұсынылып, шешімі күтілуде.
Бұдан бөлек, биыл Ақдала елді мекенінде ортақ жайылым жерлер 1500 гектарға ұлғайтылып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы 27,3 гектар жер қайта айналымға қосылған.
Ал, 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба аясында 12 азамат ақылы қоғамдық жұмысқа орналасқан. Тағы төрт жас маман «Жастар практикасымен» еңбек етіп жатса, зейнет жасына жақындаған бір азамат «Күміс жас» жобасы бойынша қызмет жасауда. Одан бөлек, ақдалалық бір азамат қайтарымсыз 1 380 000 теңге көлемінде мемлекеттік грант алып кәсібін бастаған.
Биыл, округ аумағында орналасқан Ақын-Жақып кесенесіне абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Одан бөлек, Ақдала ауылындағы 5,3 шақырымды құрайтын электр желілері мен 1 дана трансформатор ауыстырылатын болады.
Жиында ауыл тұрғындары суармалы жер, қаңғыбас иттер мәселесі, несие алуға құжат рәсімдеу, жол қауіпсіздігі секілді сұрақтар қойды.
Қала басшысы көтерілген мәселелерді заң аясында шешуді жауапты сала басшыларына тапсырып, шешілу мүмкіндіктерін міндеттеді.
Advertisements