АРЫСТА ЖАҢАДАН ЕКІ МЕКТЕП ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

135
Шаһар басшысы Гүлжан Құрманбекова қала тұрғындарымен Мәдениет үйінде есептік кездесу өткізді. Бұған дейін, 6 ауылдық округте болып, ондағы өзекті мәселелерді талқылаған әкім, Арыс тұрғындарына қорытынды есеп берді. Кездесуде халықтың көкейінде жүрген бірнеше өзекті мәселелердің шешімін айтты.
Қаламыз жыл өткен сайын ажарланып, халық саны артып келеді. Осыған сәйкес, жаңа білім ұялары құрылысын салу заңдылық. Қала әкімі биыл Арыс қаласында екі жаңа мектептің құрылысы басталғанын айтты. Атап айтқанда, «Тараз» және «Отырар» тұрғын ауданында 600 орындық жаңа мектеп бой көтереді.
«Білімді ұрпақ – ел болашағы. 21 ғасырда үш ауысымды мектеп мәселесі туындамау керек. Қала тұрғындарының жыл сайынғы өсуі ескеріліп, жаңа мектептер салуды жоспарлап отырмыз. Жоғарыда айтқанымдай 2 жаңа мектеп құрылысынан бөлек, биыл М.Әуезов атындағы гимназиядан 200 орындық, И.Журба мектебі жанынан 300 орындық қосымша оқу ғимараты салынып жатыр. Осылайша, 1500-ден астам оқушыға жағдай жасалады», — деді Гүлжан Мамытқызы.
Бұдан бөлек, жиында электр желілерін жаңарту, ауыз су сапасын арттыру, қала көшелеріне ағымдағы жөндеу жүргізу мәселелеріне жеке тоқталып өтті.
Жиынға қатысқан тұрғындар тарапынан да бірқатар өзекті мәселелер айтылып, оларға нақты жауаптар берілді.
Жалпы, кездесуде айтылған нақты өзекті мәселелер мен алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды бүгін кезең-кезеңімен жариялайтын боламыз.
Айта кетейік, жиында сұрақтарын қойып үлгермеген тұрғындар шара соңында қала басшысымен жеке кездесіп, сұрақ-сауалдарына жауаптар алды.
Advertisements