АРЫСТЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ, САУДА-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ ДАМЫТУ МАҚСАТЫНДА ШЕТЕЛДІК КОМПАНИЯЛАРМЕН КЕЗДЕСУЛЕР ӨТКІЗДІ

123
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды әлемге әйгілі ірі компаниялармен тығыз жұмыс жасау, олардың тәжірибесін Түркістан өңірінде енгізу, облыс аумағында зауыт-фабрикалар ашу, инвестиция тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын құру бойынша тапсырма берген болатын.
Осыған сәйкес, тамыз айының 25-29 күндері аралығында қала әкімі Гүлжан Құрманбекова бастаған арыстық делегация Қытай Халық Республикасына іс-сапармен барды.
Шетелдік инвестицияларды тарту, іскерлік әріптестікті нығайту және өзара сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мақсатында аттанған делегация құрамында әкімдіктің сала басшылары мен қаламыздың ірі кәсіпкерлері барды.
Сапардың алғашқы күні шаһар басшысы Гүлжан Мамытқызы бастаған делегация ҚХР-ның Чжэнжоу қаласында орналасқан қағаз өндіретін зауыт жұмысымен танысты. Аталған зауыт тәулігіне 20-50 тоннаға дейін қағаз өндіруге қауқарлы. Шара барысында арыстық кәсіпкерлерге өз саласында көшбасшылардың бірі саналатын кәсіпорын технологиясы таныстырылды.
Одан кейін, делегация ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуге арналған құрал-жабдықтар шығаратын зауыттың жұмыс барысы мен технологиясымен танысып, аралап көрді.
Іс-сапардың екінші күні Нингбо қаласында орналасқан «Haitian Group» компаниясының екі өндірістік зауыты таныстырылды. Аталған зауыт пластикалық және алюминий өнімдерін өңдеу арқылы түрлі құрал-жабдықтар шығарады. Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова бастаған делегацияға бірегей зауыттың технологиялық мүмкіндіктері көрсетілді.
Бұдан кейін сапар Цзиньхуа қаласында жалғасты. Бұл қала Қытайдың Чжэцзян провинциясындағы қала аймағы әрі шығыс Қытайдағы ірі логистикалық орталық саналды. Мұнда Арыс қаласынан арнайы барған делегация «Zhejiang Navas Industry and trade Co., Ltd.» зауытына барды. Аталған кәсіпорында алюминий радиаторлары, газ қазандықтары мен жылы еденге арналған коллектор өнімдерін шығаратын көшбасшы зауыттың бірі саналады.
Іс-сапар барысында Арыс қаласының инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылған жан-жақты кездесулер өткізілді. Арыс қаласының жергілікті кәсіпкерлері қағаз өнімдерін өндіру, пластмасса өңдеу, тұрмыстық қажеттіліктерге арналған өнімдер шығару сынды зауыттарға қызығушылық танытып, дәл осындай кәсіпорындарды Арыс қаласынан ашуға ниетті екендерін білдірді.
Қала әкімі Гүлжан Мамытқызы шетелдік инвесторларға Арыс қаласының тоғыз жол торабында орналасуы, «Орта Азия қақпасы» аты бар қаланың инвестицияға өте қолайлы екендігін жеткізді. Нәтижесінде, жылыту радиаторларын, газға арналған қазандықтар мен жылы еден коллекторларын шығаратын әйгілі «Zhejiang Navas Industry and trade Co., Ltd.» зауыты 10-12 қыркүйек күндері Түркістан облысына келіп, қаламыздың инвестициялық мүмкіндіктерімен танысатын болып келісілді.
Сонымен қатар Арыс қаласының кәсіпкерлері басқа да қытайлық зауыттармен бірлесіп, қаламызда жаңа өндіріс орындарын ашу бойынша келісімдер жасалынды.
Возможно, это изображение 10 человек и текст
Advertisements