№44859 ӘСКЕРИ ГАРНИЗОНЫ ҚҰРЫЛҒАНЫНА 93 ЖЫЛ!
Бүгін қалалық Мәдениет үйінде №44859 Әскери бөлімінің құрылғанына 93 жыл толуына орай салтанатты шара өтті.
Еліміздің тыныштығын қалтқысыз күзетіп келе жатқан, Қарулы Күштердің арасында лайықты орны, бай тарихы қалыптасқан бөлімнің төл мерекесіне қала әкімі Гүлжан Құрманбекова, қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, Әскери гарнизон командирі Көпжасар Ерназаров, әр кезде бөлімді басқарған командирлер, әскери қызметтің ұзақ жылын осында өткерген Қарулы Күштер ардагерлері, әскери бөлім сарбаздары мен мәртебелі меймандар қатысты.
Салтанатты шарада қала әкімі Гүлжан Құрманбекова құттықтау сөз сөйлеп, қалтқысыз қызмет етіп жүрген бірқатар сарбаздарға алғыс хат табыс етті.
«Сіздер азаматтардың тыныштығын күзетіп қана қоймай, қаламыздың қоғамдық-саяси өміріне етене араласып жүрсіздер. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ақпан айында болған төтенше жағдай кезінде де жергілікті билік өкілдері, полицейлер мен құтқарушыларға көмекке келгендердің бірі – №44859 әскери бөлім сарбаздары. Одан бөлек қаламызды көгалдандыруда да арыстық сарбаздардың қосқан үлесі зор,» – деді қала әкімі Гүлжан Мамытқызы.
Жиында әскери бөлім командирі Көпжасар Ерназаров құттықтау сөз сөйлеп, бөлімнің алғашқы тарихынан бүгінгі күнге дейінгі уақытын қамтыған мазмұнды баяндама жасады.
Айта кетейік, №44859 Әскери бөлімі 1930 жылдың қыркүйек айының 13 күні №42 Әскери қойма болып құрылған. 1947 жылы 175 аумақтық артиллерялық оқ-дәрілер базасы болып қайта жасақталды. Ал, 1969 жылы 175-ші аумақтық артиллериялық оқ-дәрілер базасы жаңа мәртебелік атауды иемденді. Жаһандық соғыс жылдары, Кеңес-ауған соғысы кезінде бүкіл Одақ әскерлерін оқ-дәрілермен қамтамасыз етті.
Ресми бөлім аяқталғаннан кейін, салтанатты шара әскери бөлімнің өнерпаздары мен жергілікті ән-би ұжымдары өнер көрсеткен мерекелік концертке ұласты.
Айбынды да айбарлы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері өркендей берсін! Еліміздегі тыныштықтың қаймағы бұзылмасын!