АРЫСТЫҚ ЕРЕКШЕ ЖАС РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «ЖАН ШУАҚ» ҚОҒАМДЫҚ СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ИЕГЕРІ АТАНДЫ

432

Астана қаласында «AMANAT» партиясының қолдауымен Қазақстан мүгедектер конфедерациясы ұйымдастырған XVI «Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. Марапатталған азаматтардың қатарында Түркістан облысы, Түлкібас ауданындағы Тастұмсық ауылының тұрғыны Мейірхан Топанбай да бар.

«AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында жыл сайын өтетін жобаның мақсаты – қоғамның назарын мүгедектігі бар адамдардың мәселелеріне аудару, оларды шешу бағытындағы жұмысты күшейту және үйлестіру. Мүгедектігі бар адамдардың тұлғалық дамуына жаңа мүмкіндіктер беру және олардың алға ұмтылуына қолдау көрсету. Іс-шараға қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген  мүмкіндігі шектеулі жандар қатысып, жүлделі орындарды иеленді.

Мыңнан астам көрерменнің қатысуымен өткен салтанатты жиында Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов сөз алып, Президент ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдау бағытына ерекше назар аударатынын атап өтті.

– Біз қазір инклюзивті мемлекет, инклюзивті экономика, инклюзивті қоғам туралы жиі айтамыз. Кең мағынасында «инклюзив» ұғымы әділдік пен бірлік, тәртіп пен заң үстемдігі және тең мүмкіндіктер дегенді білдіреді. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолға алған реформалардың негізгі басымдықтары. Өзіндік ерекшелігіне қарамастан, әр адам тең мүмкіндік пен құқыққа ие болуы керек. Бұл сыйлық аталған қағиданы өмір шындығына айналдырған, қиындыққа мойымай, табандылық танытқан және бәрімізге шалқар шабыт сыйлаған жандарды даралайды. Біз ерекше қажеттілігі бар адамдардың дамуына, өз қабілет-қарымын танытуына және жаңа мүмкіндіктерге жол ашуына көмектесеміз», – деді Ерлан Қошанов.

Қазақстан мүгедектер конфедерациясының президенті Жанат Омарбекова биыл «Жан Шуақ» сыйлығына еліміздің барлық өңірінен 200-ден астам өтінім келіп түскенін, осы уақыт аралығында барлығы 80-ге жуық адам марапатқа бөленгенін жеткізді.

«Мүгедектігі бар адамдардың ғылым мен білім беру қызметін дамытуға қосқан үлесі және оқуға талпынысы үшін» номинациясының иегері атанған Мейірхан Топанбай 10 тілді меңгеріп, 68 мың кітап оқыған. Тастұмсық ауылдық кітапханасының кітапханашысы болып қызмет атқаратын 29 жастағы Мейірхан аудан, облыстық деңгейдегі бірнеше жүлделердің иесі. 2020 жылы республика бойынша өткен праймериз қатысушысы, 2022 жылы «AMANAT» партиясы Түлкібас аудандық филиалы жанындағы «Жастарды қолдау жөніндегі» қоғамдық кеңеске мүше болды.

Мейірхан 68 мың кітап оқуды мүмкін емес деп санайтындарға оның мүмкін екенін, адамның жан тынысын ашатын дүниедегі жалғыз нәрсе – кітап болатынын айтты.

– Кітапты ештеңе алмастыра алмайды. Адамзаттың негізгі мұраты – адам болу болса, сол мұратқа жеткізетін кітап. 2021 жылы Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасының және Түлкібас ауданының жыл үздіктері таңдалған тұста «Үздік оқырман – 2021» атанғанмын. Осы кезде оқыған кітаптарымның тізімі арнайы хаттамаға енгізіліп, ұсынылды. Сонда университет кітапханасынан 3987 кітап, арнайы кітапханадан 29 мың 536 аудио және брайль кітап, аудандық кітапханадан 27 777 кітап, Жаскешу ауылдық кітапханасынан 404 кітап, Тастұмсық ауылдық кітапханасынан 198 кітап оқығанымды дәлелдеп бердім. Бұл 2021 жылғы санақ қана. Одан бері 3 мыңнан аса жәй кітап, 4100 брайль кітап және 389 аудио кітапты аяқтадым, – дейді жігерлі жас.

Айта кетейік, жеңімпаздардың әрқайсысы 1 млн. теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болды.

Advertisements