ҮЗДІК МӘДЕНИЕТ ҰЖЫМДАРЫ МЕН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

448

Бүгін Түркістанда мәдениет саласының үздік ұйымдары мен қызметкерлері марапатталды. Салтанатты шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев арнайы қатысып, сала мамандарын құттықтады.

– Бүгін Түркістанда айшықты күн! Түркістан мәдениетінің жеңісімен, облыстың жетістігімен шын жүректен құттықтаймын! Халықты рухани байытуға талпынып, зор жауапкершілік арқалап келе жатқан әрбіріңізге айтар алғысым шексіз. Тәуелсіз еліміздің жарқын жетістігінің бірі киелі қаланың қайта жаңғыруы еді. Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толып, жыл басынан бері кеңінен аталып өтуде. Облыс орталығы атанған қасиетті шаһар күн санап көркейіп, нағыз мәдениет пен руханияттың ордасына айналып келеді. Аз уақыт ішінде рухани астанамызда бірқатар мәдениет ошақтары ел игілігіне берілді. Бұл – мемлекетіміздің қазақ өнері мен руханиятына жасап отырған ерекше қамқорлығының арқасы.  Ел мәдениетінің дамуына қалтқысыз еңбек етудің арқасында міне кеше ғана республикалық додада үш бірдей мекемеміз топ жарды. Алдағы уақытта да осындай игі істерге білек сыбана кірісіп, көпті қуанта беретіндеріңізге сенімім мол. Еңбектеріңіз берекелі болып, толайым табысқа қол жеткізе беріңіздер, – деген облыс әкімінің орынбасары жақында ғана Астана қаласында мәдениет және өнер ұйымдары мекемелері арасында «Рухани Қазына-2023» республикалық фестивалінің үздік мекемелерін марапаттап, бірқатар қызметкерге «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін табыстады.

Атап айтсақ, музей саласы бойынша «Үздік облыстық маңызы бар музей» номинациясын «Ұлы Дала Елі» орталығы, «Үздік облыстық маңызы бар кітапхана» номинациясын Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы, «Үздік облыстық мәдени-демалыс ұйымы» номинациясын Түркістан облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы иемденіп, арнайы дипломға және қаржылай 1 млн теңгеге ие болды.

Іс-шара барысында Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев мәдениет майталмандарын құттықтады. Сондай-ақ ҚР Мәдениет министрлігінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын тапсырды. Әзербайжанда өткен І Халықаралық театр фестивалде жеңімпаз атанған және Түркияда өнер көрсеткен театр ұжымдарына «ТҮРКСОЙ» ұйымының марапатын табыстады. Марапат иелерінің құрметіне арнап, арнайы концерттік бағдарлама ұсынылды. Бишілер би билеп, күй тартыс орындалды. Шәмші Қалдаяқовтың әндері шырқалды.

Айта кетейік, бүгінде облыста өңір басшысының қолдауымен 700-ге жуық мекеме түрлі шараларды  жоғары деңгейде өткізіп келеді. Соның ішінде Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай және «Ауыл кітапханаларына 20 мың кітап» акциясы аясында «Бес жылдыққа – бес әдеби сапар» үш облыс пен екі қалада ұйымдастырылды. Астана қаласында Түркістанның мәдениет күндері өтті.

Сонымен қатар, «Өнерлі өлке», «Музейлер шеруі», «Түркістан дауысы», «Voice of Turan», «Алтын сақа» және театр фестивалдері, Музей қызметкерлерінің І жазғы мектебі, халқаралық суретшілер симпозиумы, тағы басқа іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Жақында ғана «Түркістан таланттары» жобасы бастау алып, өңір қаламгерлерімен аудан, қалаларда кездесу кештері өтіп жатыр. Облыс басшысының тапсырмасымен «Конгресс Холл» кешеніне жаңа штаттар беріліп, «JANA LEP!» халыққа рухани серпін беріп жатыр. Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония өзге облыстар мен өңіріміздің шалғай ауылдарында концерт қойып жатыр.

Advertisements