АРЫС ЕЛІ БІРЛІК МЕРЕКЕСІН КЕҢ КӨЛЕМДЕ АТАП ӨТТІ

69

Арыс қаласында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні аясында «Қазақстан – татулық мекені!» атты мерекелік іс-шара өтті.

Қала тұрғындары мен қонақтары қалың жиналған Орталық Әл-Фараби алаңында өткен шараға қала әкімінің орынбасары Алмаз Сұлтанов пен қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов қатысып, көпшілікті мерекемен құттықтады.

– Халқымызда «Бақ қайда барасың − ынтымаққа барамын» деген дана сөз бар. Бәріміздің басты арманымыз − берекелі-баянды, тату-тәтті өмір сүру. Халқымыздың ынтымақ, бірлігі арта берсін, – деді Алмаз Советұлы.

Іс-шара барысында қаламызда бірлік пен ынтымақты қалыптастыру бағытында жемісті еңбек еткен ардагерлер мен сала мамандары, сондай-ақ Арысты көгалдандыру, абаттандыру мақсатында тер төгіп жүрген «Қызмет Сервис», «Жасыл Арыс», «Ақаба Сервис» мекемесінің қызметкерлері қала әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.

Бірлік пен татулық, тыныштық пен бейбітшілік күнінде қала тұрғындары әр ұлттың әні мен биіне, өнеріне қанық болып, қалалық Мәдениет үйі өнерпаздары қойған концерттік бағдарламаның куәгері болды.

Бейбіт елдің аспанында ән айтылды, күй тартылып, би биленді.

Ең бастысы, көпшілік еліміздің амандығы мен жұртымыздың тыныштығын, халықтың ауызбіршілігін тілек етіп, бір-біріне ізгі ниеттерін білдірді.

Advertisements