ҚАЛА ӘКІМІ ТЫЛ АРДАГЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

41

Ардагерлерімізді құрметтеу – баршамыздың парасатты парызымыз. Бүгінгі бақытты өмірге жеткеніміздің өзі – сол аға буынның арқасы. Яғни, майдан мен тылдың біртұтас қимыл-әрекеті сол ұлы Жеңісті әкелді де. «Тылдағы еңбек болмаса, майданда жеңіс те болмас еді» деген болатын хас батырымыз Бауыржан Момышұлы.

Осы ретте, бүгін қала әкімі Гүлжан Құрманбекова, қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов қастерлі мереке қарсаңында сұрапыл соғыс жылдарында бел жазбай еңбек етіп, қиямет-қайым қиындықтарды жеңе білген кешегі тыл еңбеккерлерінің шаңырағында болып, сый-құрмет көрсетті.

Шаһар басшысы алдымен, 87-ге келген Өмірәлі Өтегенов қариямен сәлемдесіп, мерекемен құттықтады. Өз атынан құттықтау хат мен гүл шоғын, естелік сыйлық табыстап, иығына шапан жапты.

«Өскелең ұрпақ жауынгерлер мен тыл еңбеккерлерінің ауызбірлігі мен ерлігі, ерекше табандылығы мен Отанға деген ыстық сезімінің арқасында Жеңіске қол жеткізгенімізді білуі керек» – деді қала әкімі Гүлжан Мамытқызы.

Өз кезегінде, Өмірәлі ақсақал көрсетілген ілтипатқа шынайы көңілін білдіріп, бата берді.

Бұдан әрі, тыл ардагерлері Бохаев Жарасбектің үйіне барды. Ардагердің отбасымен қауышып, сый-құрметін білдірді.

Өз кезегінде ақсақал осындай құрмет көрсетіп жатқан қала басшылығына зор ризашылықтарын жеткізіп, бейбіт өмір мен еңбектеріне табыс тіледі.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Арыс қаласы бойынша зейнеткерлер саны – 7000 болса, оның ішінде 206 тыл еңбеккері және 126 ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген азаматтар тұрады. Бұл күндері олардың жасы да – соңы сексеннің сеңгірінен асып, алды жүздің төріне таяп, қатарлары селдіреп қалды.

9 мамыр – Жеңіс күніне орай, Арыс қаласы көлемінде барлық тыл ардагерлеріне 1 реттік 15 АЕК көлемінде қаржы төленеді.

Advertisements