АРЫСТЫҚТАР ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР КҮНІН АТАП ӨТТІ

45

Бүгін қала орталығындағы «Батырлар алаңында» 7 мамыр Отан қорғаушылар күні мен Қазақстан Қарулы Күштерінің 31 жылдығына арналған мерекелік шара өтті.

Салтанатты шара майдан даласында қаза болған жауынгерлер мен бейбіт заманда өмірден өткен ардагерлер құрметіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталып, жиналған көпшілік боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Одан кейін, қорғаныс саласының қызметкерлері Мемлекеттік Туды сахнаға салтанатты жағдайда әкеліп, мерекелік іс-шара Әнұранмен ашылды.

Жиналғандарды Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова құттықтап, еліміздегі бейбітшілікті сақтауға үлес қосып жүрген жандарға жылы лебізін арнады.

«7 мамыр – біз үшін батырлық пен табандылық, отансүйгіштік пен қайсарлық нышанына айналған мейрам. Сала ардагерлері мен жауынгерлерді құрметтеу күні. Қай дәуір болмасын, кез келген елде ұлттар мен ұлыстардың татулығын, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жас ұрпақты отансүйгіштікке баулу – әскери сала мамандарының міндеті. Осы қызметте Сіздерге толағай табыс тілеймін», – деді ол.

Мұнан кейін, қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов және Арыс әскери гарнизон бастығы, полковник Көпжасар Ерназаров құттықтау сөз сөйледі.

Салтанатты шарада қызметте алдыңғы қатардан көрінген сала қызметкерлері марапатталып, қошемет көрсетілді.

Әрі қарай, Жеңістің 78 жылдығы мен Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына 31 жыл толуына орай, «Туған ел – Отаным» атты қалалық хор ұжымдары арасындағы патриоттық ән байқауымен қорытындыланды.

Advertisements