АРДАҚТЫ АҒАЙЫН! ҚҰРМЕТТІ ТҮРКІСТАН ЖҰРТШЫЛЫҒЫ!

62

Сіздерді еліміз үшін аса маңызды қос мереке – 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен және Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын.

Болмысынан жауынгер әрі қайратты қазақ халқы Еуразия төрінде өзіндік орны мен бағасын алған. Оған тарих беттеріндегі ерлікке толы деректер дәлел бола алады. Сонау көне дәуірлерден басталған даңқты жол 1941-1945 жылдар аралығындағы Екінші дүниежүзілік соғысында жалғасып, бабаларымыз ерліктің үлгісін көрсете білді.

Бүгінде бабалар аманатына адалдық таныта білген мемлекетіміз өзінің қуатты әскерін жасақтап, шекарасын шегендей білген елдер қатарында. 1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды. Сарбаздарымыз бен сардарларымызға қолдау көрсетіліп, әскеріміздің айбыны арта түсті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қорғаныс әлеуетімізді арттыру, сарбаздардың дайындығын күшейтіп, оларға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі» деді. Бұл ретте елімізде әскери салаға баса назар аударылып, қолдау көрсетіліп келеді.

Отанды қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Сондықтан өңірдегі ер-азаматтар, жалынды жастар отаншыл болып, Отан алдындағы міндетін орындауы тиіс.

Түркістан облысы бойынша 2023 жылы 2200 азаматты көктемгі әскери шақыру науқанына шақыру жоспарланған. Бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылып, отаншыл азаматтарымыз әскерге жіберіліп жатыр.

1941-1945 жылдар аралығындағы қанқұйлы соғыста да халқымыздың батыр ұлдары Отан үшін от кешіп, Ұлы Жеңіске үлес қосты. Екінші дүниежүзілік соғыста біздің батыр ата-әжелеріміз ел алдындағы аманатқа адалдық танытты. Аса күрделі әрі қиын майдандарға қатысып, ерлік көрсетті.

Қазір тәуелсіз ел ретінде бейбіт күн кешуімізде сол ардагерлердің еңбегі мен үлесі бар. Соғыс жылдары мыңдаған ана баласынан, қосағынан көз жазып қалды. Мыңдаған бала әкесіз қалды, тылда еңбек етті. Жерді тырмалап дән егіп, күні-түні еңбек етіп, Жеңіске үлес қосты. Осы қастерлі де қасіретті жылдарды, тарихты ұмытуға болмайды. Біз – ардагерлеріміздің алдында қарыздармыз! Сондықтан майдангерлерге құрмет көрсетіп, қадірлеу – борышымыз.

Өкінішке қарай өңірімізде Екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлері мен оларға теңңестірілгендер жыл сайын азайып барады. Түркістан облысында қазіргі таңда Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, оларға теңестірілгендердің, тыл еңбеккерлерінің саны – 4438 адам. Оның ішінде Ұлы Отан соғысының 14 ардагері ғана қалды. 150 Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілгендер және 4200-ден астам тыл еңбеккері есепке алынған.

Тарихтың куәгері, отаншылдықтың үлгісіне айналған ардагерлерге мемлекет тарапынан қолдау, құрмет көрсетіліп келеді. Ардагерлерге Ұлы Жеңіс мерекесінің құрметіне бір реттік материалдық көмек төлеу үшін аудандық, қалалық бюджет есебінен 175,5 млн. теңге қаржы бөлініп, майдангерлерге берілді.

Құрметті қауым!

Баршаңызды Отанға деген сүйіспеншілік, батырларға деген құрмет арта түсетін қос мерекемен тағы да құттықтаймын. Әр отбасы бақыт пен берекеге бөленіп, еліміздің мәртебесі асқақтай берсін. Қазақстанымыз қуатты, Түркістанымыз абырой биігінде болғай!

Дархан САТЫБАЛДЫ,

Түркістан облысының әкімі

 

Advertisements