АРЫСТАН ШЫҚҚАН БАТЫРЛАР — 5 МӘСКЕУ ТӨРІНДЕ ШЕРУГЕ ҚАТЫСҚАН ҚАЗАҚ БАТЫРЫ

59

Осыдан 78 жыл бұрын Мәскеудегі Қызыл алаңда 1945 жылдың 24 маусым күні Отан соғысының құрметіне орай үлкен шеру өтті. Мерекелік шеруде жүріп өткен айбынды жауынгерлердің қатарында Арыстағы балалар үйінде тәрбиеленген Нағи Ілиясов та бар еді.

Балалық шағында көп қиындық көрген ол жасөспірімдерге қолдау көрсету, көмектесу мақсатында мұғалім мамандығын игеріп, өзі туған ауылда оқытушы болып жұмысқа орналасады.

1942 жылы мектепте сабақ беріп жүрген жерінен әскерге аттанады. Осы жылдың қаңтарынан бастап қарулы күш құрамында жүріп Отан алдындағы азаматтық борышын қалтқысыз атқарып, Элиста, Ростов, Донбасс, Киев, Житомир қалаларын азат етуге қатысты.

От пен оқтың ортасында жүрген батырдың соғысының тарихындағы аса ауыр шайқастарының бірі – Будапешт операциясы еді.

1944 жылы төрт айға созылған ұрыста ол Дунайдың оң жағалауына өтіп, шабуылдау тобының құрамымен Майошхаза венгр ауылы үшін шайқасады. Ұрыс кезінде оның оң жақ санына оқ тиіп жараланса да жаумен алысуын тоқтатпай, жаудың ересен зор күшін және техникасын өткізбей қатты тойтарыс берді.

1945 жылғы 24 наурыздағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен неміс-фашистік басқыншылармен күрес майданында қолбасшылық міндеттерін үлгілі орындағаны үшін және осы кезде көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін Нағи Ілиясовқа Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені мен «Алтын жұлдыз» медалі қоса тапсырылды.

Атақты барлаушы Н. Ілиясов 1945 жылдың қараша айында әскерден қайтқаннан кейін Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында ұзақ әрі жемісті қызмет етті.

Advertisements