АРЫСТАН ШЫҚҚАН БАТЫРЛАР — 6 ӨЛМЕС ЕРЛІК ЖАСАП, МӘҢГІЛІК ДАҢҚҚА БӨЛЕНГЕН

68

Арыс өңірінің тағы бір перзенті, Кеңес Одағының Батыры Ережепбай Молдабаев турасында айта кеткен жөн. Арыс қаласында туып, мектеп есігін осында ашқан Е.Молдабаев жастайынан еңбекке араласқан. Колхозда су мұрабы боп жұмыс істеген ол кәмелеттік жасқа жеткен соң өз еркімен майданға аттанады. Украина майданы 3-гвардиялық армия 89 атқыштар дивизиясы 545 атқыштар полкі құрамында соғысқа қатысады.

1944 жылы 29 шілдеде 6 адамнан құралған шағын топпен Висла өзенінен өтіп, жау құрған плацдармды басып алуға қатысады. Өзеннен өтерде борап тұрған миномет пен пулемет оғы қайықты жарамсыз күйге түсіреді. Қайықта болған батальон командирінің орынбасары ауыр жарақат алып, есінен танып, суға бата бастайды. Осы кезде Е.Молдабаев командир мен тағы 2 сарбазды жағаға алып шығады. Жолдастарын құтқарған ол қарсы жағаға жүзіп өтеді де, жауға ұрыс ашып, өз ротасының сарбаздарына өзеннен өтуге мүмкіндік ашып береді. Шағын топ екі тәулік бойы жаудың сансыз шабуылын тойтарады. Фашистер тоғыз рет қарсы атакаға шығып, біздің жауынгерлердің күші басым жаумен тоғыз рет ұрыс салуына тура келді. Алайда, Молдабаев пен оның достары плацдармды асқан ерлікпен қорғап қалды. 1944 жылы 7 тамызда Е.Молдабаев ұрыста ерлікпен қаза болды.

Ол Польшаның Грудза селосында жерленген.

Е.Молдабаевқа көрсеткен ерлігі үшін КСРО Жоғары Кеңесінің Төралқасының Жарлығымен 1944 жылы 23 кыркүйекте Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Advertisements