ЖЕМҚОРЛЫҚСЫЗ ЖҮЙЕ ҚҰРУ қоғамның, яғни, сіз бен біздің қолымызда

200

Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шараларды тиімді және бірізді жүйеге келтіру ұлттық тәжірибесі соны ізге түсті. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру табысты аяқталды. Ал, бұл, оны орындаудың алғашқы нәтижелерін ұғыну қажеттілігін өзектендірді. 2015 жылғы 18 қарашада бекітілген «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңының талаптары тұрақты әзірлеуге негіз болған жыл сайынғы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Ұлттық баяндамада өзінің көрінісін тапты.

Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы бір сарынды іс-қимылдан қоғамдық сананы түбегейлі өзгертуге, халықтың сыбайлас жемқорлық пен непотизмнің кез келген нысандарын қабылдамауына, алдын алу шараларының басымдығына көшуді көздейді. Қол жеткізілген нәтижелерді, халықаралық стандарттарды және алдағы кезеңге арналған стратегиялық мақсаттарды ескеретін сыбайлас жемқорлыққа қарсы біртұтас саясатты да-мыту жалғастырылатын болады. Жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық өмір сүріп отырған қоғам кім-кімді де болса толғандырып жүргені жасырын емес. Өзінің жеке мүддесі үшін пара берушілер жоқ емес, бар. Олар бұл іске саналы түрде барады, ал, кейбірі білместікпен опық жеп қалады. Жемқорлықпен ұсталып, заң алдында жауап беріп жатқандары да қаншама. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөнінде өткізген кеңесте сыбайлас жемқорлық жағдайларының саны әлі де азаймай тұрғанын баса айтты. Президент халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді күшейтуге шақырды. Бұған қоса сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің барлық салалары бойынша қатаң қоғамдық бақылау жүргізілуі тиіс дей келе, «…Адамдар әлі де жоғары оқу орындарында, колледждерде, тіпті, мектептердегі сыбайлас жемқорлықты айтып, шағымданады. Жемқорлық азаматтарымыздың бойына сіңіп, тіпті, қоғамның қалыпты құбылысына айналып кетуі мүмкін. Басты мәселе – осы», – деген болатын.

Жалпы, құқықтық білімнің негізі мектепте салынады, сондықтан да, құқықтық тәрбие тек жалаң сөз арқылы емес, бала санасының қабылдау мүмкіндігіне байланысты әр түрлі үйірмелер, клубтар, оқушылардың ғылыми зерттеу жұмыстары негізінде іске асуы қажет. Әрбір азаматымыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі керек. Егер, жастайынан баланың санасына тазалық, жауапкершілік, патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілік қағидаттарын сіңіретін болсақ, есейген кезде оның бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптасып, саналы өмір сүруге мүмкіндігі жеткілікті болады. Қазақ елінде жемқорлықсыз жүйе құру – сіз бен біздің қолымызда.

Сәуле ЕСКЕРМЕСОВА,

Арыс қаласы,

Ә.Жангелдин атындағы жалпы білім беретін мектебі математика пәнінің мұғалімі.

Advertisements