АРПАӨЗЕН ПЕТРОГЛИФТЕРІН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ ҚОРҒАУ ҚАЖЕТ

88
Түркістан облысында Арпаөзен петроглифтерін халықаралық мәдени мұралар тізіміне енгізу жұмыстары басталды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Созақ ауданына арнайы барып, Қаратау етегіндегі петроглифтердің жай-күйімен танысты. Арпаөзен петроглифтерін қорғауға алу, туризм кластерін дамыту бойынша мамандармен пікір алмасты.
– Қаратаудың қатпары тарих пен шежіреге толы. Оның ішінде Арпаөзен петроглифтерінің орны айрықша. Бірақ осы таңғажайып тарихи мұра туралы көпшілік жақсы біледі дей алмаймыз. Мыңжылдықтарға жетелейтін аспан астындағы тарихи жәдігерді сақтап қалуымыз керек. Осы бағытта тарихшылар мен зерттеушілердің пікірлері назарға алынады, – деді Дархан Сатыбалды.
Зерттеушілердің айтуынша, Созақтағы Келіншектау жотасының маңында орналасқан петроглифтер 4-5 мың жылды қамтыған. Қола дәуірінен сақталған құнды ескерткіштерде адамдардың суреті, жан-жануарлардың бейнесі, сол заманнан сыр шертетін көріністер суреттелген. Өгіз және түйе жеккен шаруашылық арбалары, жауынгерлік арбалары, күн және өзге де ұғымдар таңбаланған.
ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы Бауыржан Байтанаевтың айтуынша, Арпаөзен петроглифтерін қорғау, насихаттаудың маңызы зор.
– Мұнда біздің тарихымыз жатыр. Арпаөзен петроглифтері сияқты жақсы сақталған және ауқымды мұралар әлемде сирек кездеседі. Түркістан өңірінде осындай таңбалы тастардың көп екеніне қуануымыз керек. Әсіресе, Қаратаудың жоталары тарихқа бай. Біздің мақсатымыз – осы тарихи мұраны сақтау және қорғау аумағын анықтау. Егер таңбалы тастарды ЮНЕСКО-ның мәдени-тарихи мұралар тізіміне енгізе алсақ, бұл аумаққа шетелден туристер келеді. Туризм кластері дамиды, жұмыс орындары ашылады. Арпаөзен петроглифтерінің әлеуеті өте жоғары. Бұл аумақты қорғау, тіпті күзет ұйымдастырған жөн. Таңбалы тастарды бүлдіріп, үстінен сурет салып кететіндерден сақтау – уақыт талабы, – дейді академик.
Алдағы уақытта Арпаөзен петроглифтерін арнайы қорғауға алу жұмыстары жоспарланып отыр. Бұл бастама Түркістан облысында мәдениетті дамыту тұжырымдамасына енгізілген. Таңбалы тастарды қорғау жұмыстары 2 кезеңнен тұрады. Петроглифтер түгел суретке түсіріліп, төлқұжаты жасалады. Оған ғалымдар тобы тартылады. Бұл жұмыс биыл және келесі жылы іске асады деген жоспар бар. Екіншіден, Арпаөзен петроглифтерін ЮНЕСКО-ның тарихи және мәдени мұралар тізіміне енгізу қолға алынады. Осы мақсатта еліміздің ғалымдары тиісті ұсыныстар әзірлеейді деп күтіліп отыр.
Возможно, это изображение 1 человек
Advertisements