ПРЕЗИДЕНТТІК ЖАСТАР КАДР РЕЗЕРВІНЕ 50 КАНДИДАТ ІРІКТЕЛЕДІ

95
Бүгін қала әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу тәртібі түсіндірілген жиын өтті. Қала әкімінің орынбасары Алмаз Советұлы жүргізіп отырған жиынға қала әкімі аппаратының, қалалық дербес бөлімдер мен ауылдық округі әкімі аппараттарының жас мемлекеттік қызметшілері, қалалық білім беру ұйымдарының, мәдениет саласының жас қызметкерлері, қаланың белсенді жастарының және БАҚ өкілдері қатысты.
Кездесуде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Дархан Сүртеков Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу туралы жан-жақты түсіндіріп берді.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Президент жанындағы жастар кадр резерві жөніндегі Ұлттық комиссия резервке және оны өткізу жоспарына қатысты іріктеу тәртібін бекітті. Яғни, осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап резервке кезекті іріктеу басталады. Оның қорытындысы бойынша мемлекеттік сектор үшін 50 резервші іріктеледі. Негізгі талаптар: азаматтығы, жасы, білімі және жұмыс өтілі, – деді Дархан Әшірханұлы.
Жиында жастар осы бастамаға қатысты сұрақтарын қойып, жауаптарын алды. Іріктеуге құжат тапсыратындарын жеткізді.
Бұған дейін елімізде екі рет Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу өткен болатын. 2019 жылы 300, ал 2021 жылы 50 жас кадрлық резервке алынды. Бүгінгі күнге осы 350 адамның 76 пайызы (265) мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жауапты қызметтерде жұмыс істейді. Олардың ішінде 124 адам орталық мемлекеттік органдарда, 35 адам жергілікті атқарушы органдарда, 57 адам ұлттық компанияларда, 49 адам өзге де ұйымдарда қызмет атқаруда. Сондай-ақ резервшілердің қатарында 32 адам министр, вице-министр, облыстық әкімдіктерде аппарат басшысы, облыс әкімінің орынбасары, аудан, қала әкімдері секілді саяси лауазымдарға, 6 резервші «А» корпусының лауазымдарына тағайындалса, бір резервші Парламент Мәжілісінің және 2 резервші мәслихаттың депутаты болып қызмет атқаруда.
Нет описания фото.
Advertisements