ЖАҢА ЖЫЛДА АРЫСТА СӘБИ ДҮНИЕГЕ КЕЛДІ

1

ЖАҢА ЖЫЛДА ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 34 СӘБИ ДҮНИЕГЕ КЕЛДІ

Жаңа жылдың алғашқы сәттері күллі ел бойынша қуанышты жаңалықпен басталды. 2025 жылдың 1 қаңтарына қараған түні Қазақстанның перзентханаларында 181 сәби дүние есігін ашты. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ресми хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, жаңа жылдың алғашқы нәрестелері арасында 105 ұл бала, 76 қыз бала бар. Сонымен қатар Маңғыстау облысында бір егіз дүниеге келгені атап өтілді.

Осы бір ерекше түнде ең көп сәби Түркістан облысында тіркелді – барлығы 34 сәби. Бұл – еліміз бойынша ең жоғары көрсеткіш. Екінші орынға Алматы қаласы мен Алматы облысы жайғасқан – мұнда әр өңірде 17 сәби дүние есігін ашты. Үшінші орында Шымкент қаласы – 16 жаңа өмір тіркелген.

Дәрігерлердің айтуынша, жаңа жыл қарсаңында туған барлық нәресте мен аналардың жағдайы жақсы. Ана мен бала денсаулығы мамандардың жіті бақылауында, перзентханаларда қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетілуде.

Жалпы, Түркістан облысы соңғы жылдары бала туу көрсеткіші бойынша республикада алдыңғы қатарда келе жатқан өңірлердің бірі. Облыстағы жас отбасылар санының артуы, әлеуметтік қолдаулар мен ана мен бала денсаулығына көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы – осы көрсеткішке ықпал етуде.

Сондай-ақ, Түркістан облысының ауруханаларында перзентхана бөлімдері жаңғыртылып, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Аймақ басшылығы ана мен бала саулығын басты назарда ұстап, арнайы бағдарламалар арқылы медициналық көмекті қолжетімді етуге күш салып келеді.

Жаңа жылда өмірге келген бұл нәрестелер – еліміздің болашағы. Әр сәби – ата-анасының қуанышы ғана емес, бүкіл қоғам үшін үміт пен сенімнің символы. Олар тәуелсіз Қазақстанның келешек азаматтары, жарқын болашақтың иелері.

Осындай жарқын жаңалықтармен басталған 2025 жыл барша қазақстандыққа шаттық пен жақсылық әкелсін! Ел іргесі аман, ұрпақ дені сау, болашағымыз жарқын болғай!

Advertisements