Түркістан облысы әкімінің мерекелік құттықтауы: Жаңа жыл – Жаңа белестердің бастауы!

2

Берекелі Қазақ елі!
Құрметті Түркістан облысының тұрғындары!

Баршаңызды Жаңа 2025 жылмен шын жүректен құттықтаймын!

Жаңа жыл – әр адам үшін үміт пен сенімге толы, өткенді саралап, алдағы міндеттерді айқындайтын айрықша кезең. Бұл – отбасы мен туған-туысты қуантатын, адамдар арасындағы сыйластықты арттыратын, игі тілектер мен жақсы ниеттер айтылатын мейрам.

Өтіп бара жатқан 2024 жыл еліміз бен өңіріміз үшін елеулі оқиғаларға, маңызды жетістіктерге толы жыл болды. Саяси реформалар жалғасын тауып, нақты нәтижелерге қол жеткіздік. Түркістан облысының құрылғанына 6 жыл толып, осы қысқа мерзім ішінде өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында тың серпін байқалды. Түркістан қаласы биыл Түркі әлемінің туристік астанасы атанып, халықаралық деңгейде кеңінен танылды.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен Түркістанға ерекше мәртебе беру туралы арнайы Заң жобасы Парламенттің бірінші оқылымында қабылданды. Бұл тарихи қадам қаланың мәртебесін арттырып, дамуға жаңа серпін беретіні анық.

Біз бұл жетістіктерге бірлік пен еңбек арқылы жеттік. Облысымыздың әрбір тұрғынының үлесі зор.

Біріншіден, инфрақұрылымды жаңғырту, жаңа өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту басты бағытта болды. 2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша, облыстың жалпы өңірлік өнімі 4,3 трлн теңгеге жетіп отыр.

Екіншіден, өңдеу өнеркәсібін жандандыру мақсатында «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл – жергілікті өнім көлемін арттырып, кәсіпкерлікті дамытатын нақты бастама.

Үшіншіден, шет елдермен әріптестікті нығайту нәтижесінде өңірімізге тікелей шетелдік инвестициялар тартылып, жаңа өндіріс ошақтары ашылуда.

Төртіншіден, ауыл шаруашылығы – басым бағыт. Облыс халқының 80%-дан астамы ауылдық жерде тұратындықтан, ауылды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл сала бойынша Түркістан облысы республикада көш бастап тұр.

Біз елдік мұрат пен жарқын болашақ жолында жұмыла еңбек еттік. 2025 жылы да осы қарқынды бәсеңдетпей, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту, жастарға жаңа мүмкіндіктер беру, мәдениет пен туризмді дамыту – басты міндеттеріміздің қатарында болады.

Ардақты ағайын!
Сіздерге Жаңа жылда зор денсаулық, молшылық, бейбіт өмір, отбасыларыңызға бақыт пен шаттық тілеймін! 2025 жыл берекелі, табысты, елге құтты жыл болсын!

Ізгі ниетпен,
Дархан САТЫБАЛДЫ,
Түркістан облысының әкімі

Advertisements